Қосшыда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 45 пәтерлі тұрғын үй берілді - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Целиноград ауданының Қосшы ауылында көктемгі тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін салынған 45 пәтерлі көп қабатты үй пайдалануға берілді, деп хабарлады Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ағанас және Қызылжар ауылының тұрғындары көптен күткен пәтер кілттерін салтанатты түрде қабылдап алды.

Кілт табыстау рәсімінде қоныстанушылар мемлекетке алғыстарын айтып, үйлерді салуға көмек көрсеткендерге ізгі тілектерін жолдады.

«Көктемде, біз тасқын судан зардап шеккен кезде, облыс әкімдігінің өкілдері ешкімді далада қалдырмайтындарын айтып, уәде берген болатын. Осы Қосшы ауылына үй салып, ауыл тұрғындарын көшіреміз деген. Біз сендік. Үй сала бастағанда да басы-қасында болып, қуандық. Міне, енді жаңа пәтердің кілттерін алып жатырмыз, бұл біз үшін үлкен бақыт. Осы күннің Тұңғыш Президент күнімен қатарласа келуі біздің қуанышымызды еселей түсуде. Өйткені Елбасымыздың арқасында біз мемлекеттен осындай үлкен көмек алып отырмыз», - деді Ағанас ауылының тұрғыны, ақсақал Ерден Абаев.

Еске сала кетейік, Целиноград ауданының тасқын судан зардап шеккен тұрғындары үшін ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап Оразақ ауылында 100 екі пәтерлі үй - яғни 200 пәтер салына басталған болатын, бүгінде оның 186-сы тапсырылған, қалған 14-і жақында иелеріне табысталатын болады.

Одан өзге, 2015 жылдың 28 қарашасында Ақмол ауылында Жаңа жол, Оразақ және Ақмол ауылының тұрғындарына 45 пәтерлі көпқабатты үй берілген болатын. Енді Қосшы ауылында екінші 45 пәтерлі үй пайдалануға беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар