Қосшы саунасында әйелді ұрған елордалықтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Қосшы қаласында сауна директоры болған әйелді соққыға жыққан 37 жастағы күдікті ұсталды. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 сәуір күні Қосшы қаласындағы сауналардың бірінде болған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі «бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


«Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадағы азаматтар саунада болып, ішімдік ішкен. Сағат 07:30 шамасында мекеменің басқарушы директоры, Қосшы қаласының 31 жастағы тұрғыны келушілерден есепшоттың төленбеу себебін анықтамақшы болған. Сол кезде клиенттердің бірі әйелге қол көтеріп, бас және дене тұсынан соққы жасаған», - делінген ведомство хабарламасында.
Оқиғаға қатысты 3 адам анықталған.
«Қосшы қаласының 44 жастағы тұрғыны мен 36 жастағы елордалықтың орташа дәрежедегі мас екені анықталды. Олар айықтырғышына қамалды. Ал сауна директорына дене жарақатын салған күдікті - 37 жастағы ер адам уақтыша ұстау орталығына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жалғасуда», - деп толықтырды полиция.


Соңғы жаңалықтар