Қосшы ауылындағы ауыз су мәселесі қашан шешіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті елордаға жақын Қосшы ауылының мәселесі жақын арада шешілетінін мәлімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитеті басшысы Владимир Беккердің айтуынша, ол жақта Нұра арнасынан асып, ондаған ауыз су ұңғымасын өзен суы алып кеткен. Ол судың бәрі Самарқанд мен Шерубай-Нұра қоймаларынан келді. Бүгінде аталған қоймалардан жіберілетін судың көлемі секундына 320 текше метрді құрап отыр. Ал Қосшының маңайындағы Преображенский қоймасынан кеше секундына 832 текше метр жіберілсе, бүгін аталған көрсеткіш 815 текше метрге дейін азайды. "Осы судың бәрі Самарқанд мен Шерубай-Нұра қоймасынан жіберіліп, Қосшыға дейін жетіп отыр. Меніңше, бір аптаның ішінде ол жердегі жағдай түзеледі. Қазір ауыз су ұңғымаларын басып кеткен судың деңгейі бір метрдей болып тұр. Бір аптаның ішінде су тартылады. Сол кезде ұңғымаларды іске қосып, Қосшыдағы ауыз су мәселесін шешеміз", - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, кешегі брифингте ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Қосшы ауылындағы ауыз су мәселесін түсіндірген болатын. «Ол жақта ауыз су жинақтайтын екі қондырғы бар. Біреуінде 6 ұңғыма, аталған қондырғы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, тағы бір қондырғыны салу жұмыстары басталған болатын. Онда 14 ұңғыма бар. Дәл осы қондырғының 9 ұңғымасын су басып қалды. Олардың бәрі істемей тұр, қалғаны дұрыс. Негізі, ол қондырғының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ресми түрде пайдалануға да берілмеді. Алайда ол жерден ауыз су тұрғын үйлерге беріліп тұрады», - дейді В.Беккер.

Оның сөзіне қарағанда, тәртіп бойынша жаңа су қондырғысының айналасын топырақпен үйіп тастау қажет. Сонда ішіне су кірмейді. Бірақ ондай шаралар атқарылған жоқ. «Негізі, қазір Қосшыда су бар. Маған солай баяндады. Бірақ тұрғын үйлерде ауыз су жоғары қабаттарға жетпей жатыр. Қысым аз, сол жағынан қиындық туындап отыр», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Соңғы жаңалықтар