Көшпенділер ойынында қазақстандық балуандар қазақ күресінен 6 медаль алды

None
ИЗНИК. ҚазАқпарат - Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық спортшылар қазақ күресінен 6 медальға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Марат Нығматуллаев (60 келі) ел құрамасы қоржынына алғашқы алтынды салған болатын.

Одан кейін жүлде қорын Зарина Сарипова (65 келі) тағы бір алтынмен толықтырды.

Ал Еламан Қойшыбаев (80 келі) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 келі) күміс жүлдеге қол созды.


Биыл «Қазақстан барысы» атағына ие болған Мақсат Исағабылов (80 келіден жоғары) пен Мөлдір Азамат (65 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетсек, көкпардың қырғызстандық нұсқасы саналатын көкбөрү спортынан финалда Қазақстан құрамасы Қырғызстанға жеңілді.

Сондай-ақ, бүгін қазақстандық спортшылар көкпардан чемпион атанды .

Еске салсақ, бұдан бұрын аталған додада Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан « күміс « алды.


Көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы келді. Қазақстанның атынан 50 спортшы көкпар, көкбөрү, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы атудан сынға түсті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны бүгін мәресіне жетті. Дүбірлі дода 2024 жылы Әзербайжанда өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар