Көшпенділер ойыны: Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылары финалда кездеседі

None
ИЗНИК. ҚазАқпарат - Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық көкпаршылар финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық көкпаршылар бүгін Моңғолиямен күш сынасты. Сайыс барысында ел құрамасының басымдығы байқалып тұрды. Салым салудан алда тұрды. Нәтижесінде қарсыласынан 12:2 есебімен басым түсті.

Қазақстандық көкпаршылар бұдан бұрын Өзбекстанды 8:1 есебімен тізе бүктірді .

Осылайша олар финалға жолдама алды. Ендігі қарсыласы - Қырғызстан құрамасы.

Сондай-ақ, бүгін жамбы ату (ат үстінде садақ ату) спорты бойынша жүлделер сарапқа салынды. Сайыста әлемнің 21 елінен 75 спортшы бақ сынады .

«Үш стиль бойынша жарыста Ералхан Айкөз алғашқы бестіктен көрінді. Ол «қабақ» атудан (түрік стилі) күміс жүлде иеленсе, «табла» атудан (түрік стилі) қола жүлде алды. Венгр стилінде нысанадан мүлт кеткен Ералхан жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады», - деді Ұлттық спорт түрлері орталығынан.

Еске салсақ, бұдан бұрын аталған додада Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан «күміс» алды.

Фото: Ұлттық спорт түрлері орталығы


Соңғы жаңалықтар