Көшпенділер Олимпиадасы: Қазақстан көкпаршылары есесін қайтара ала ма

None
None
ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - Ертең, 2 қыркүйек күні Ыстық көлдің жағасында III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ресми түрде ашылады. Осы жолы Қазақстан өз командасын күшейтіп, спортшылардың санын үш есеге арттырып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы ойындар 37 ұлттық спорт түрі бойынша өтеді. Соның ішінде күрес, садақ ату, итпен аң аулау, ат жарыс, көкпар, асық ату және тағы басқа жарыстар бар. Ойындарға әлемнің 60-тан астам елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Қырғызстан ең үлкен команданы шығарып отыр. Спортшылар саны - 458 адам. Одан кейін Ресей - 235 спортшы, ал Қазақстан 129 спортшыны әкелді. Осыдан екі жыл бұрын өткен ойындарда қазақстандық командада 75 спортшы болған. Екі жыл бұрын Қазақстан құрамасы үшінші орыннан көрінсе де, көкпаршыларымыз қырғыз командасынан оңбай ұтылды. Осы жолы қазақтың жігіттері есесін қайтаруды көздейді. 

Қатысушы мемлекеттердің ішінде Ауғанстан, Болгария, Беларусь, Үндістан, Иран, Моңғолия, Қытай, Пәкістан, Польша, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, АҚШ, Украина, Франция, Шри-Ланка және тағы басқалар бар. Олардың барлығы 594 медаль үшін таласады. Соның ішінде 174 алтын, 173 күміс және 247 қола медаль бар. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының сыйақы қоры 26 миллион сомды құрап отыр. Бұл қазіргі курспен 136,5 миллион теңге немесе 381,3 мың долларды құрайды.



Айта кетейік, 2012 жылы Бішкекте өткен Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің II саммитінде қырғыз елі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізетінін мәлімдеген болатын. Негізгі мақсат - түркі xалықтары арасындағы мәдени-руxани байланысты нығайту. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесі де осыны көздейді. Аталған ұйымның соңғы саммиті 2015 жылы Астана қаласында өткен болатын. Биыл Қырғызстан кезекті саммитті Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен орайластырып отыр.

Ойындардың ресми ашылу салтанаты Чолпан-ата қаласының ипподромында өтеді. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады. Ұйымдастырушылар осы жолғы ашылу салтанатын ерекше өткіземіз деп отыр. Келесі күні Түркі елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті ұйымдастырылады. Биыл түркі елдерінің төрттігі - Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзірбайжанға Өзбекстан қосылады деген жоспар бар. Саммиттің тақырыбы - "Жастар саясаты мен ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық". 

Соңғы жаңалықтар