Көші-қон заңнамасын бұзған Нигерия азаматы еліне жете алмай жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Нигериядан Ақтөбеге келіп, ағылшын тілінен сабақ бермек болған Манас Огарайо еліне қайта алмай жүр. Ол Көші-қон заңнамасын бұзып, Қазақстанда тұру уақытын өткізіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

34 жастағы Нигерия азаматы Манас Огарайо Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалы маңында қонақ үйде жатыр. Ақшасы таусылған шетелдік азаматты жергілікті тұрғын өз қамқорлығына алған. Ал сол вокзал маңындағы адамдар оны тегін тамақтандырып отыр. Отбасымен әлеуметтік желі арқылы хабарласып, хат алысып отырады. Себебі, телефон шалуға ақшасы жетпейді.

«Отаныма оралуды армандаймын. Мен Ақтөбеде жүргенде әкем көз жұмды, апам ауыр халде жатыр. Қазір ақшам жоқ, денсаулығым да сыр бере бастады. Шынымды айтқанда, еліме оралсам менен бақытты жан болмас еді»,- деді Манас Огарайо.

Шетелдік азамат Ақтөбеге ағылшын тілінен сабақ беруге келген. Интернеттегі хабарлама арқылы табыс табуға келген Манас Огарайо жұмыс берушімен келісе алмай, Қазақстанда болу уақытын өткізіп алды.

«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Нигерия азаматына қатысты Қазақстан аумағынан шығару туралы Ақтөбе қалалық әкімшілік сотының шешімі шықты. Қазіргі кезде облыстық ІІД көші-қон қызметі осы мәселемен шұғылданып жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Әкімшілік іс қозғалып, сот шешімі шықты. Енді Манас Огарайо ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарылады. Ал оған дейін ақтөбеліктер шетелдік азаматты қамқорлығына алмақ.

«Шетелдік азаматты көшеде кезектірдім. Барып сұрап, басына түскен істі білдім. Кейін көмектесуге шешім қабылдап, қамқорлығы алдым. Оның арманы - еліне оралу»,- деді қала тұрғыны Бауыржан Молшыбаев.

Соңғы жаңалықтар