Көшені шаңға толтырған рудныйлық кәсіпорын қаражатынан қағылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Тиісті технологияларды сақтамай жұмыс істеген Рудный қаласының коммуналдық кәсіпорнына бюджеттік қаражат төленбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коммуналдық кәсіпорынның теріс әрекеті Рудный қаласының тұрғыны Александр Павловтың бейнетіркегішіне түсіп қалған. Ол аталған бейнежазбаны «Вконтакте» әлеуметтік желісіне жариялаған. Мұны байқаған қоғам белсендісі Жан Ботанов облыс әкімінің жеке блогына хат жазған-ды.

«Қостанай облысы. Рудный қаласы, 7 сәуір, 2019 жыл, сағат 22:30-да Рудный қаласының муниципалды қызметтері көше тазартқан сыңай танытып, трактор көшені шаңға орап келеді. Соның кесірінен тұрғындар, пәтер ішіндегілер таза ауамен демала алмай отыр! Аумақтағы ғимараттарға да шаң-тозаң кірді. Жинау жұмыстары формалды түрде жүргізіледі, бірақ бұл үшін қазынадан ақша жұмсалады. Салғырттыққа жауапты лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдік пайда болды»,- деп жазады Ж. Ботанов.

Қоғам белсендісінің хатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бірден жауап қатқан.

«Шынында да, «Рахат-2018» ЖШС қызметкерлері смета бойынша алдын ала ылғалданусыз жол жабындарын тазалау жұмыстарын жүргізді. Алда осындай фактілерді болдырмау мақсатында, сондай-ақ тиісті шараларды қабылдау үшін Рудный қаласының әкімдігінде осы ЖШС басшысының қатысуымен кеңес өткізілді. Мердігер тарапынан шарттың бұзылуына байланысты технологияны сақтамай жүргізілген жұмыстар үшін қаражат төленбейді деген шешім қабылданды», - делінген облыс әкімінің жауап хатында.

Сонымен қатар, Архимед Мұхамбетов 2019 жылдың 11 сәуірінен бастап Рудный қаласында аумақты санитарлық тазалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, оған қатысуға қала тұрғындары мен ұйымдарды шақырды.

Соңғы жаңалықтар