Көшедегі сауда үшін жалға берілген учаскелерден 534,4 млн теңге табыс түскен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы әлеуметтік маңызға ие. Елорда маслихатында өткен тұрақты комиссияның отырысында «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Еркеғали Әлімқұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттық корпус алдында баяндама жасаған Еркеғали Әлімқұлов 2016 жылы қабылданған «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасын іске асырудағы нәтижелерге тоқталды.

«1700-ден астам жұмыс орны құрылды, бюджетке салық аударымдарының тұрақты түсу көрсеткіші артты. Бағдарлама заңсыз стихиялық саудамен күресудің, шағын бизнесті, атап айтқанда отбасылық бизнесті қолдаудың әдістерінің бірі болып табылады. 2019 жылы «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бағдарлама әлеуметтік маңызға ие болды. Осының негізінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жер телімдері беріліп келеді», - деді Еркеғали Әлімқұлов.

ӘКК-нің басшысы 2019 жылдан бастап учаскелерді алуға арналған сауда-саттық онлайн форматта «www.gosreestr.kz» порталында өткізілетінін атап өтті. Ал құжаттарды қабылдау «i-Qala» платформасында жүргізіледі. Кәсіпкерлерге қандай да бір органға барып, қағаз жүзіндегі құжаттарды тапсырудың қажеті жоқ.

«Бағдарламаны іске асыру кезеңдеріндегі жер учаскелерін жалға беруден түскен жалпы табыс – 534,4 млн теңге. Атап айтқанда, 2017 жылы – 27,8 млн, 2018 жылы – 102,1 млн, 2019 жылы – 112 млн, 2020 жылы – 72,5 млн, 2021 жылы – 142 млн және 2022 жылдың 9 айында – 97 млн теңге табыс түсті», - деп атап өтті Еркеғали Әлімқұлов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, көше саудасымен айналысу үшін Астанадағы бизнес субъектілеріне 596 жер учаскесі жалға берілген.


Соңғы жаңалықтар