Көшеде волонтерлердің қайырымдылыққа ақша жинауы заңды ма – министрлік жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елорда көшелерінде қайырымдылық үшін ақша жинап жүрген жасөспірімдердің қызметіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада өткен Орталық Азия волонтерлері форумы барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қайырымдылықты арқау етіп, Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінде жаз бойы адамдардан ақша жинайтын жасөспірімдер мен жастардың қызметіне қатысты пікір білдірді.

Комитет басшысы аталған мәселеден хабардар екенін атап өтті.

«Биыл шілдеде Мемлекет басшысы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген волонтерлік және қайырымдылықпен айналысу туралы заңға қол қойды. Заң аясында қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар мен волонтерлердің мәртебесі ресми бекітілді. Ендігі уақытта олар арнайы келісімшартпен жұмыс істеуі керек. Ол құжат волонтерлерді, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың қызметін және көмек алып жатқан жандарды қорғайды», - деді Мадияр Қожахмет тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, жаңа заңға сәйкес волонтер кәмелет жасында болуы тиіс.

«Сонымен қатар жергілікті әкімдіктермен және Полиция департаментімен бірлесіп, волонтерлер мен салалық ұйымдар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, көшеде өздігінен ақша жинап жүрген жасөспірім волонтерлер тегін жұмыс істемейді. Бұны волонтерлік деп санауға болмайды. Себебі олар қызмет көрсетеді және ол үшін ақы алады. Тағы бір маңызды жайт, волонтер жасөспірімдердің ата-анасы рұқсатының болуы. Енді біз осы аталған мәселелерге бақылау орнатуымыз керек. Мақсат – волонтерлік қызметтің заң аясында жүзеге асуы. Біздің ойымызша көшеде қайырымдылық мақсатында ақша жинау тенденциясы тоқтау қажет», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада Орталық Азия елдері волонтерлерінің форумы өтті.

Сондай-ақ аталған шара барысында қыркүйекте күшіне енетін волонтерлік туралы заңның орындалуына мониторинг жүргізілетіні туралы айтылды.


Соңғы жаңалықтар