Көшеде кетіп бара жатқан адам 10 жасар баланы өрттен құтқарып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл тұрғыны Руслан Тюменев жеткіншекті жанып жатқан пәтерден алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің дерегі бойынша, Руслан Тюменев жұмыстан қайтып келе жатып, балалардың көмек сұрап жылаған дауысын естіген. Жан-жағына қараса, 5 қабатты тұрғын үйдегі пәтердің балконы жанып жатыр екен.

«Балалар құлыптанып қалды деп ойлап, тұрғын үйдің кіреберісіне жүгірдім. Есік ашық тұрды. Жанымда тағы бір адам болды, сонымен бірге түтінге оранған пәтерге кіріп, телефонның қол шамын қосып, іздей бастадық. Ештеңе көрінгенбейді, біз баланың айқайы шыққан жаққа қарай бардық. Сөйтіп, қорқып қалған ұл баланы көшеге алып шықтық», - деді Р.Тюменев.

10 жасар бала өрт кезінде бөлмесінде отырып, сабағын оқи берген. Ол үйдің өртке оранып жатқанын білмей қалған. Русланның арқасында аман қалып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Бүлдіршін дін-аман, үйіне қайтарылды.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде бес қабатты тұрғын үйдің балконы жанып жатқанын көрген. Олар өрт пәтерге жайылмас үшін стационарлық лафеттік оқпан қолданды. Оның көмегімен өрт ауыздықталып, шатыр салқындатылған. Сол арқылы өрт әрі қарай жайылған жоқ», - деді баспасөз қызметінен.

Үйден 23 адам, соның ішінде үш бала эвакуацияланды.  

Соңғы жаңалықтар