Көшеде есінен танған елорда тұрғынын тонап кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада көшеде есінен танып қалған ер адамды тонап кеткен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«57 жастағы азаматтың айтуынша, ол Қарасай көшесімен теміржол вокзалына қарай жаяу келе жатып, гараждардың жанында кенеттен есінен танған. Ер адам неден есінен танғанын есіне түсіре алмады. Біршама уақыттан кейін есін жиған ол қасында бейтаныс екі адамның отырғанын және қалталарын тінтіп жатқанын көрген. «Не істеп жатырсыңдар?» деген сауалынан кейін күдіктілер оны соққыға жыққан. Қалтасынан 30 мың теңге мен ұсақ заттарын алып кеткен. Тіпті, зардап шегушінің шалбарынан белдігін және көзәйнегін алып кетуден де тартынбаған», - деді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасау күдігімен елорданың 26 және 36 жастағы тұрғындарын «ізін суытпай» ұстады. Ұсталған күдіктілердің бұған дейін де сотталғаны және қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Заттай айғақтар мен ақша қаражаты тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктілер полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған тұлғалардың бұған дейін елорда аумағында жасалған осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр», - деді полицейлер.


Соңғы жаңалықтар