Көше тазалайтын маманның монологы: Астананың суықтығын адамдардың жылы сөзі ұмыттырады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үстіне тоқсары түсті кеудеше киген, қысы-жазы көше тазалап жүретін мамандардың қадірін әсіресе тәуліктеп қар жауған кезде түсінетініміз бар. Мұндайда әкімдік «Астанада өткен тәулікте бір айлық норманың қары түсті» деген релиз таратады. Ал Бақытгүл Байарыстанова сияқты тазалықшы мамандар бұл кезде сол нормадан тыс жауған қармен арпалысып жатады. Елорданың тазалығына 25 жылдан астам уақыт бойы маңдай терімен үлес қосып жүрген қала тұрғынының бізге айтқандарын ықшамдап, маманның монологы ретінде ұсынып отырмыз.

Бақтыгүл Байарыстанова, «Астана Тазалық» ЖШС жұмысшысы:

«Нормадан артық түскен қардың ауыртпалығын алғаш болып біз сезінеміз»

Жалпы қала тазалығына атсалысып жүргеніме 25 жыл болды. 2008 жылы мекеме қайта құрылымдалды да, содан бері «Астана Тазалық» мекемесінде жұмыс істеп келемін. Негізгі мамандығым машинист-хатшы болатын.

...Біздің жұмыс таңғы 6.00-ден басталады. Сағат 10.00 мен 12.00 арасы түскі тамақ уақыты. Бірінші кезектің жұмыс уақыты сағат 15.00-ге дейін. 16.00-ден түнгі 0.00-ге дейін екінші ауысым жұмыс істейді. Ал тәуліктеп қар жауған күндері кешкі сағат 20.00-ден таңғы сағат 5.00-ге дейін қосымша ауысымдар шығады. Ол үшін үстемеақы төленеді.

...Таңғы сағат 6.00-де асай-мүйесімізді алып, аялдамаға келеміз. Өйткені таңмен таласып тұрған тұрғындар автобуспен жұмысқа, оқуға, мектепке қатынайды. Аялдаманың маңайын тазалап, қоқыс жәшіктерін босатамыз. Одан кейін көлік тұрақтарын сыпыруға барамыз. Біздің топқа бекітілген учаске Бөгенбай батыр даңғылынан бастап «Рамстор» сауда үйіне дейінгі аумақты алып жатыр.

...Жұмысымыз негізінен күзде, қыста ауыр болады. Өйткені күзде өте көп жапырақ түседі. Ал қыста қармен арпалысамыз. «Астанада нормадан бірнеше есе көп қар түсті» дегенді өздеріңіз де жазып жатасыздар ғой. Соның ауыртпалығын ең бірінші сезінетін - біз.

...Осы қызметте 25 жыл еңбек еткен адам ретінде айтсам, қазір көше сыпыратын, жол жиегін жуып, шаң басып кеткенде су шашатын арнайы техника бар. Оның бәрі біздің жұмысты жеңілдетеді.

...Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша тәртіп сақтап, қоқыс тастамай жүрсе екен деген өтінішім бар. Біз сияқты адамдардың еңбегін бағаласа, нұр үстіне нұр жауар еді.

...Аялдамалардың жанындағы қоқыс жәшігіне қалдықты дәл тастауға «уақыты жетпейтін» тұрғындар баршылық. Шырынның қалдығы, балмұздақтың тұқылы деген сияқты дүниелер аялдаманың маңайын ластайды. Сол үшін арнайы машиналар жол жиегіндегі төсеніш тақталарды жуып шығады. Қала өзіміздікі ғой. Астанамыздың әдемі болғаны, таза болғаны өзімізге жақсы. Сол үшін оның тазалығына бей-жай қарамаса екен деймін.

«Бұл жұмыс анамның күтіміне қолайлы болды»

Өзім Астананың Бөгенбай даңғылында тұрамын. Таңертең бәрімізді қызметтік автобус жұмыс істейтін учаскеге тасиды. Ұжымдастарымның басым бөлігі қаладан тыс ауылдарда тұрады. Оларды да арнайы автобус әкеліп, ауысым біткен соң қайта апарып тастайды.

...Айлығымызды шамаларына қарай өсіріп жатыр. Мейрам сайын алғысхаттар мен конверттер беріледі. Екі ұлым бар. Біреуі Орталық сайлау комиссиясында жүргізуші. Екінші ұлым министрліктердің бірінде сантехник болып жұмыс істейді. Төрт немерем бар. Туған жерім Ақмола облысының Қажымұқан ауылы. Шешеміз қалаға көшкен кезде біз де еріп келдік. Ол кісі ауырып қалғандықтан, мамандығым бойынша жұмыс істеу қиын болды. Мұндағы жұмыс кестесі, айлықты кешіктірмей беретіні маған қолайлы болды да, осы салаға ауысып кеттім. Әйтпесе 1998 жылға дейін машинист-хатшы болып колледжде, мектепте, саңырау-мылқаулар қоғамында жұмыс істегенмін. Мұнда айлықты уақытында беретіні ол кезде мен үшін өте маңызды еді.

Аязды немесе боранды күндері волонтерлер келіп, ыстық шай беріп жатады. Бұл басқа адамдарға жай бір кезекші акция сияқты көрінгенімен, бізге ұнайды. Қоғамға керек адам екенімізді, еңбегіміз маңызды екенін сезініп қаламыз. Жастар ұсынатын ыстық шай бойымызды жылытса, айтатын жылы сөздері жанымызды жылытады. Астана суық қала ғой әйтпесе...


Соңғы жаңалықтар