Қос полицей көлігімен өзенге түсіп кеткен ақтөбелікті құтқарып қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері көлігімен өзенге түсіп кеткен Ақтөбе қаласының тұрғынын судан аман алып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Ақтөбе қаласындағы Сазды өзенінде болған.  Осы кезде кезекшілікте жүрген мамандандырылған күзет қызметі басқармасының екі қызметкері Әлібек Сырбай мен Азат Жарқынбай шұғыл көмекке жеткен. Қос сақшы түн ортасында суға батқан көлік жүргізушісін құтқару үшін мұздай өзен суына түсуден тайынбаған. 

«Полицейлер оқиға орнына жедел түрде жеткен. Ойланбастан мұздай суға түсіп, есінен танып жатқан жүргізушіні жағаға алып шыққан. Содан соң дереу қызметтік көліктерімен облыстық жедел жәрдем ауруханасына алып барған. Қала тұрғыны А.Смертынюк кейін Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Махамбет Абисатовқа алғыс хат жолдады. Ол өз хатында полиция қызметкерлері құтқару жұмыстарын жүргізген сәтте оқиғаны өзге адамдардың суретке, бейнеге түсіріп алғанын айтқан», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, мамандандырылған күзет қызметі басқармасына қызметкерлерді марапаттау туралы хат жолданды. 

Соңғы жаңалықтар