Қос қызын оқуға түсірмек болған ақтөбелік шенеунік жұмысына қайта орала алмайды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Екі қызын ірі көлемдегі ақшамен оқуға түсірмек болған ақтөбелік шенеунік жұмысына қайта орала алмайды. №2 қалалық соттың судьясы Айдана Мәмбетқазиева талапкер Алмат Ермағамбетовтың арызын қанағаттандырған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше №2 Ақтөбе қалалық сотында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағамбетовтің жұмысына қайта орналасу туралы арызы қаралды. Сотқа облыстық денсаулық сақтау басқармасының заңгері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент заңгері, Алмат Ермағамбетовтың жұбайы қатысқан болатын. Бүгін бұл іске сот шешім шығарды.

«Азамат Алмат Ермағамбетов Әдеп кеңесі шығарған шешімді жоққа шығарып, жұмыстан қалған күндерінің еңбекақысын өндіруді талап еткен болатын. Талапкер арызы қанағаттандырылмайды. Талапкер Ермағамбетов шешіммен келіспеген жағдайда бір айдың ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады», - деді судья Айдана Мәмбетқазиева.

Айта кетейік, Алмат Ермағамбетов мемлекеттік қызметкер бола тұра қыздарын Назарбаев мектебі мен Назарбаев университетіндегі курстарға түсіру үшін Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотталып жатқан Ботогөз Биекеноваға 7 миллион теңгеден астам ақша берген. Кейін оның ісі қоғамдық талас тудырып, Әдеп кеңесі мемлекеттік қызметке кір келтірген шенеунікті жұмыстан шығару туралы ұйғарым жасайды . Ұйғарымды облыстық денсаулық сақтау басқармасы орындады.

Соңғы жаңалықтар