Қос қазақстандық боксшы қыз жастар арасында әлем чемпионы атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Испанияның Ла-Нусия қаласында жастар арасында бокстан өткен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы екі алтын, екі күміс, үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпыкомандалық есепте қазақстандықтар Англиямен үшінші орынды бөлісті. Олардың есебінде де осыншама жүлде бар.

Өзбекстан құрамасы бес алтын, үш күміс, екі қоламен көш басына көтерілсе, үндістандықтар (4 алтын, 3 күміс, 3 қола) екінші орынға ие болды.

Бұл біріншілікте, әсіресе, қазақстандық қыздар табысты өнер көрсетіп, бес медальға (2 алтын, 3 қола) қол жеткізді. Медаль саны жөнінен қыздар Үндістанға (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) ғана жол берді.

Элина Базарова 54 келіге дейінгі салмақта финалда германиялық Куцохристоу Крисовалантуды айқын басымдылықпен ұтып, чемпион атанды.

Сондай-ақ Бақыт Сейдіш 66 келіге дейінгі салмақта тағы бір германиялық Карлотта Шуенеманнан шеберлігі басым екендігін анық көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.

Жігіттерден Нұрбек Мұрсал (67 кг) мен Дәулет Төлемісов (75 кг) соңғы бәсекеде өзбекстандық боксшыларға есе жіберіп, күміс медальді еншіледі. Жігіттер жалпыкомандалық есепте оныншы орынға сырғып кетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар