Қос елге құт сыйлаған Қорғас суы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

***

1.   Тарихтың толқынымен тулап аққан

        Баршаға аян,  су - өмір өзегі. Ол тапшы жерде  тіршілік те тоқырайды. Сондықтан «Судың да сұрауы бар» демекші, оған қатысты кез келген мәселе өте маңызды. Ал, әңгіме трансшекаралық өзен сулары туралы түйінге тірелгенде - жауапкершілігі тіптен күрделі. Осы тұрғыдан таразылағанда Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Қорғас өзенінің  суын теңдей бөліп пайдаланудың мәні  тым биік екені де әмбеге аян. Әлбетте, бұл бағытта өзара түсіністік рәуіштегі  қарым-қатынас ауадай қажет.

 Бүгінгі таңда бүкіл әлемге белгілі, қытай-қазақ достығы мен іскерлік ынтымақтастығы  өте жоғары деңгейде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясаты арқасында көршілес екі елдің арасында өзара тиімді өсім жан жақты қамтамасыз етіліп, өркендеу траекториясы барынша кеңейіп келеді. Жалпы, әр нәрсенің басталу сәті, серпін алар старттық нүктесі болатынын ескерсек, осынау  жаһандық жетістіктің негізі  суды бірдей мөлшерде бөлу  сияқты жеке мәселелер бойынша жасалған келісім-шарттардан бастау алып, келе-келе кең қанат жаятынын түсінген жөн. Ендеше, халықаралық қатынаста тілге тиек етілетін Қорғас өзенінің  қадірі де қаншалықты құнды екенін  түйсіну қиын емес тәрізді.

 ...Уа, дариға, алтын бесік туған жер!

Қадіріңді келсем  білмей кеше көр!

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Қасым болмай, тасың болсам мен егер,-

деп атақты  ақын  ағамыз айтқандай  кез келген саналы  адам үшін тал бесіктен - жер бесікке жеткенше күн кешетін туған топырағынан  асқан  қасиетті ештеңе жоқ. Онда өскен әр түп шөп,   әрбір бұта, тіпті төсінде  жонын күнге қыздырып жатқан әр тасына дейін көзге ыстық, көңілге қымбат. Өйткені олар - ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Осынау   баға жетпес байлықтың ең бастысы - жерге де, елге де нәр сыйлаған сулары. Өзендер өрнектеген өлке өрендерінің  өресінде бұдан бағалы  құндылық аз. Сондықтан  өзендердің өзі ғана емес,  атауы жазылған қағаз да аса қадірлі. 1856 жылы Қашқарға жасаған қиын да қызықты  сапарында  қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов сызған карта қалған тарихта. Сонда біздің Жаркент аймағындағы  бірталай жер-сулардың сұлбасы сызылып, атаулары айшықталған. Бұлардың  бірталайы  бүгін де бар. Әлі де дәл сол аттарынан ауытқымаған. Олардың ішінде Шежін, Бұрқан, Өсек, Тышқан, Бурақожыр өзендерімен қатар  Қорғастың да  сұлбасы салынған. Ағартушы ғалым атамыздың осыдан  бір жарым ғасыр бұрын өз қолымен сипаттаған сызбасына көз сүзе отырып, тарихтың  сан қатпарлы тереңіне еріксіз  сүңгисің...

Қайран, Қорғас! Қайнары сонау Жоңғар Алатауының құтты   құрсағын жарып шығып,  төмен қарай тастан-тасқа қарғыған   сансыз  бұлақтан басталады. Моншағы күнмен жарқ-жұрқ  шағылысқан сол сулардан  құралып, Іле жаққа екпіндей жөңкіледі. Қос жағалауының табиғаты таңдай қағарлық. Адам аяғы еркін жете бермейтіндіктен сол тұмса қалпы саф күйінде сақталған. Айнала жап-жасыл. Сан алуан  өсімдіктің жұпар исі танауды қытықтайды. Қызылды-жасылды гүл бөрік киген төбелер бірте-бірте биіктей келе басына мәңгілік ақ қар бүркенген асқар шыңдарға ұласады.  Осындай көз тояттатар көркем өңірді қақ жарып есте жоқ ескі замандардан бері  сынаптай сырғыған осынау  ұзындығы екі жүз  шақырымға жуық  есіл өзен  қаншама  қилы кезеңге куә болды екен десеңізші?! 

Ең бастысы - ХІХ ғасырдың екінші жартысында екі алып елдің ортасындағы шекара шебі болып белгіленуі. Аю мен айдаһардың арасында   азаттығы арман болған ата-бабаларымыздың сол бір тауқыметті тұстағы  жан арпалысының салмағын мың сан атан түйе тарта алмас, әрине. Әйтсе де, тарихтың аты - тарих,  ақиқаттың аты - ақиқат. Екі жағада екіге жарылып қалып қойған қандастарымыздың өз өксігіне өзі тұншығып, іштей тынып егілгені де хақ. Одан кейінірек  дүние «Қызыл» мен «Ақ» болып қырқысқанда  халқымыздың қаны нақақтан-нақақ  судай шашылғанына, жұт жылдары мен ашаршылықта ұрпақ амандығы үшін ары-бері ауып жүріп ұлтымыздың азып-тозғанына да куә болған бұл Қорғас... Тулаған тарих толқынында талай рет арнасымен асып-тасып толып аққан, кей кезеңде кемеріне келе алмай жылап жылжып, жағасындағыларды   жетімсіреткен де осы  Қорғас...

Бұл өзен бойының  ырыс-құттың қойнауына айнала бастауы - өткен ғасырдың екінші жартысынан бері ғана.

2. Ырысқа бастаған ынтымақтастық

Негізі, Қорғас өзенінің суын теңдей  пайдалану  жайындағы әңгіме алғаш рет сонау  өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қозғалыпты. Нақтырақ айтсақ, 1965 жылы 30 сәуірде КСРО мен ҚХР-дың достығы нығаюы  аясында бұл бағыттағы тұңғыш Келісімге қол қойылыпты. Содан соң қайта құру кезеңінің о жақ, бұ жағында, Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында қайта қолға алынып, тек осыдан бес жыл бұрын ғана бұл жобаны іске асырудың  сәті түскен.

Нариман  Қыпшақбаев - бүкіл саналы ғұмырын су шаруашылығы саласына арнап, сонау Кеңестік кезеңнен бері бүкіл Қазақстандағы, оның ішінде осы Қорғастағы су бөлу ісінің де басы-қасында жүріп мемлекеттік аса маңызды мәселені шешуге мұрындық болған бұрынғы  Қазақ  КСР Су  шаруашылығы және  мелиорация  министрі, Тәуелсіз  Қазақстан Республикасының Су  ресурстары бойынша мемлекеттік  комитетінің алғашқы  төрағасы. Бейнелеп айтқанда: қазақтың нағыз «Су иесі - Сүлеймені».  Қазіргі  қызметі де осы саламен орайлас - Қазақстан  мемлекетаралық су  шаруашылығы  үйлестіру комиссиясы ғылыми  ақпараттық  орталығының директоры, Қазақстан  су  серіктестігінің  төрағасы. Әлі де қатардан қалмаған:, санасы сергек, қимылы ширақ, парасат-пайымы жоғары, бұрынғы іскерлік биігінен мысқалдай да төмендемеген. Көрген-білгені - дария, көкірегі - қазына ағамыздан Қорғастағы су бөлу тоспасы туралы терең де  жан-жақты мағлұматқа кенелдік.

 

nullАлматы қаласы.  1988 жыл.

 

ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық Районының ғылыми-техникалық мәселелер жөніндегі делегациясы Қазақстанда алғаш рет 1988 жылы 4-11 қазан аралығында болып, мелиорация және су шаруашылығы мәселелерін талқылаған.

Осы мәселе бойынша екінші кездесу 1989 жылы 24 шілде мен 1тамыз аралығында Үрімші қаласында өткен. Қазақстандық делегацияны сол кездегі Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау  комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Сембаев бастап барған. Бұл  ресми кездесудің нәтижесінде  «Мелиорациялық жерлер мен су шаруашылығы құрылысы бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағдарламасы» жасалған. ҚХР ШҰАР Су шаруашылығы басқармасының бастығы  Мин Уппен арнайы кездесуде Қорғас  өзеніне  су торабын салудың жай-жапсары жан жақты айтылған.

 

nullҮрімші  қаласы.  1988 жыл.

Жоғарыда аталған келісімдердің қорытындылары негізінде 1991 жылы 28 наурызда Қазақ КСР Су ресрустары жөніндегі мемлекеттік комитеті мен ҚХР ШҰАР Су шаруашылығы басқармасының 1991 -1995 жылдарға арналған  ғылыми-техникалық ынтымақтастығының жобасы әзірленіп, қытай тарапына берілген. Бұл құжатта іскерлік ынтымақтастықтың басты бағыттары айқындалып, Қорғас өзеніне су торабын салу бойынша  екі жақты бірлескен әрекеттің есебін жасау қарастырылған.

Содан соң дәл тәу етер Тәуелсіздігіміз жарияланардан он күндей бұрын ғана Қазақ КСР Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Қыпшақбаев ҚХР ШҰАР Су шаруашылығы министріне арнайы ресми хат жолдап, 1965 жылғы 30 сәуірдегі «Қорғас өзенінің суын пайдалану мен бөлу жөніндегі Келісім» мен 1975 жылғы 26 қазандағы «Қорғас өзенінің суын бөлу жөніндегі бірлескен Кеңес-Қытай қомиссиясының жұмыс тәртібі туралы Хаттамаға», сондай-ақ, 1983 жылғы 15 сәуірдегі «Қорғас өзенінің жоғары ағысындағы суларды бөлу туралы Хаттамаға» сәйкес жұмыс істеп жатқандықтарын ескерте отырып, Қорғас өзеніне салынатын плотиналық су торабының құрылысы мен оның жасалатын орнын анықтау үшін Министрлер деңгейінде кездесу ұйымдастыруды ұсынған.

null

Осы ұсыныс хатқа сәйкес 1992 жылғы 24-28 ақпанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С. А. Терещенко бастаған үкіметтік делегация Қытай Халық Республикасына барған. Құрамында сегіз министр мен сегіз облыс әкімі болған. Олардың арасында  ҚР Су ресрустары мемлекеттік  комитетінің төрағасы Нариман Қыпшақбаев та бар еді. Ол ҚХР Су шаруашылығы министрі  Ян Чженхуанмен кездесіп, трансшекаралық өзендерді  пайдалану жөніндегі ынтымақтастық пен   Қорғас өзеніндегі бірлескен су торабының құрылысы мәселесін терең  талқылады.

Осындай маңызды талқылаулардан кейін «Қорғас өзеніндегі бірлескен су торабының құрылысын бірге жүргізу туралы» бірінші ресми құжатқа 1992 жылы 12 қарашада Алматы қаласында қол қойылды. Хаттамада су тоспасын «Достық»  бірлескен су торабы» деп атау ұйғарылды. Құрылысты жүзеге асыру,  ол аяқталған соң торапты бірлесіп пайдалану, тағы басқа да мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Ал, екінші ресми құжат 1993 жылғы 18 қаңтарда Үрімші қаласында қабылданды. Екі тарап су тоспасының орнын анықтау, жобалаудың кезеңдері мен мерзімі, жұмыс сызбалары сияқты біраз мәселелерді шешу жайындағы уағдаластыққа қол жеткізді.

Осы жұмыстардың нәтижелері «Казахстанская правда» газетінің 1993 жылғы 19 қаңтардағы нөміріндегі ТАСС- КазТАГ -тың «Китай и Казахстан будут совместно строить гидроузел на реке Хоргос» атты шағын мақалада нақты да айқын жазылып, барша жұртқа кеңінен паш етілді.  null

null

«Достық»  бірлескен су торабының макеті

Сонымен, су бөлу тоспасын салу жөнінде 1992 жылғы ақпан айында  басталған келіссөз   тоғыз  жарым жылға созылып, «Қазақстан Республикасының Үкіметі  мен Қытай Халық Республикасының   Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерді  қорғау мен пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге» 2001 жылы 9 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылды.  Бұдан кейін осы Келісімнің шеңберінде әр түрлі деңгейдегі келіссөздер өткізіліп, есеп-қисап, жобалық сызу,жоспарлау сияқты сан алуан мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып отырды. Өзендегі су ресрустарын 50/50 арақатынаста бөлу, екі жақтың барлық инженерлік және инженерлік емес құрылымдарының көмегімен су алуға кепілдік беру, жылдық орташа есеппен гидротораптың өз қажетіне 10,5 млн. квт.сағат көлемде электр қуатын пайдалану, жақын маңдағы елді мекендер мен мелиоративтік арналардың гидротехникалық ресрустарын қуатпен қамтамасыз ету,  тағы басқа да мақсатты жұмыстарды атқару ұйғарылды.

Сөйтіп, су торабының  халықаралық қатынастағы екі жақты тиімді құжаттық негізі берік қаланып,  соған сәйкес құрылыс жұмыстары да белгіленген мерзімде толық жүзеге асырылды. Ықылым заманнан бері бас бермейтін асау атша арындай аққан Қорғас суы «Достық» бірлескен су бөлу тоспасы арқылы  сарқырап, қос жағалаудағы көршілес екі елдің жеріне ырыс-құт сіңіре бастады. Бұл тарихи күн - 2013 жылғы 7 маусым еді.

 

 

2.   Өлкенің  өңін  ашқан  өркенді өзен..

 null

Достық»  бірлескен су бөлу торабының көрінісі

Иә, Қорғас өзеніндегі «Достық»  бірлескен су бөлу торабы - ұлан-байтақ еліміздің оңтүстік-шығысындағы  айрықша нысан.  Тарихи тұрғыдан да, Халықаралық қатынас бойынша да. Экономикалық  жағынан есептесек те.  Ол көршілес елдің де көзайымына айналып, өзіміздің де өзегімізге нәр бөлуде. Тораптың жалпы аумағы - 93600 шаршы метр.  Су бөлу торабы керекті  құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Барлығы да осы заманғы халықаралық деңгейдегі озық технологияға сай. Су өткізу қуаттылығы секундына -  456 текше метр. Су торабы мен каналды пайдалану жұмыстарын штат бойынша  жиырма бір қызметкер қадағалайды.  Су комиссияларының кездесу ғимаратында да қажетті жағдайдың бәрі жасалған.    Келісім залы, диспетчерлік пункт, қонақ үй, бильярд ойнайтын орын бар. Жұмыс кестесі - тәуліктік. 

Ғимараттардың айналасы түгелдей абаттандырылған.  Жүздеген жеміс ағаштары самсап тұр. Аула толы алаулаған қызыл-жасылды гүлдер.  Саябақтың ең  төрінде  тұрқы ерекше балбал тас көз тартады. Ол  осы маңға таяу жерден табылған екен. «Арғы жағалаудан аттап келгендер бұл өлке ежелден-ақ сақ-түркі бабаларымыздың еншісінде болғанын ешқашан есінен шығармасын» деп әдейі осы араға әкеп  орнаттық» дейді  торап қызметкерлері.  Сонымен қатар,   тағы бір көрнекі жерге арнайы тас апарылып, оған «Қорғас өзеніндегі Қазақстан - Қытай бірлескен «Достық» ортақ су бөгеті инженер-гидротехник  Нариман  Қыпшақбаевтың 1991 жылғы  бастамасымен 2013  жылы  салынды»  деген  жазуы  бар  ескерткіш тақта   орнатылыпты. «Бұл да - тарих. Кейінгі ұрпақ ел игілігі үшін ерен еңбек сіңірген азаматтардың атын ескере жүрсін»   дейді су саласының сайыпқырандары. 

null

Балбал тас
null

Нариман Қыпшақбаев ескерткіш тақта қасында

Жан-жағыңа  зер салсаң табиғат тамашаларымен  қатар  адам қолымен айшықталған көріністер еріксіз назар аудартады: ұшы-қиыры жоқ жап-жасыл егістік, шатыры күн сәулесімен шағылысқан ғимараттар, су плотиналары, диірмен құрылыстары, шағын су электр станциялары. Мұндай нысандар  көбінесе арғы жағалаудан аңғарылатыны да рас. Көршілер оған қоса  Қорғастан бөліп алған  суы арқылы жиырма бір мың гектар жерін ылғалдандырылады екен...

Өзен бойымен оңтүстікке қарай   көз жіберсең алыстан «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» мен «Алтынкөл» теміржол бекетінің, сондай-ақ «Құрғақ порттағы» күмбезі көкпен таласқан  ғимараттардың сұлбасы менмұндалайды.  Бұлар да - Ұлы Жібек жолының ХХІ ғасырдағы қайта жаңғыруының айғағы. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар.  

null

«Қазсушар» мемлекеттік республикалық қазыналық  кәсіпорыны Алматы облысы  Панфилов  аудандық өндірістік  учаскесінің  басшысы  Тоқтарбай  Керімқұлов (оң жақта) ҚХР тарапынан келіссөзге келген әріптесімен бірге

         - Мына су бөлу торабы салынғалы бері іс-әрекетіміз мейлінше жеңілдей түсті. Өйткені барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Тек ыждаһаттылық, ұқыптылық пен сергектік керек. Сөйтіп, «Достықтың» арқасында жұмысымыз да оңтайланып, достығымыз да оңшалып қалған жағдайы бар. Қытайлық әріптестерімізбен осында  он бес күн сайын кездесеміз. Кезекпен  бірде - біз жақта, келесіде олардың тарабында. Судың келу деңгейін сараптау, сел қаупінің алдын алу, тағы басқа да сол сияқты мәселелер түгел қамтылады бұл басқосуларда, - дейді «Қазсушар» мемлекеттік республикалық қазыналық  кәсіпорыны Алматы облысы  Панфилов  аудандық өндірістік  учаскесінің  басшысы  Тоқтарбай  Керімқұлов.

         «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім...» деген екен зарлы заманда жырау бабамыз. Ал, қазір заман басқа, жыр жаңа. «Қорғастың бойы қалың ну,  жайқалған жасыл егістік». «Достықтан» біздің тарапқа карай ұзындығы 11,8 шақырымдық «Басқұншы» және 29,37 шақырымдық «Аяқ-Құншан» магистралды каналдары арқылы су ағып, биыл Басқұншы, Пенжім, Бірлік және Үлкеншыған ауылдық округтерінің барлық егіс алқаптарын қосқанда 20129  гектар жерге   ылғал жаяды. Күні ертең-ақ осыншама ауқымды алқаптан ел ризығын теріп жейді. Астық молшылығы артып, бейіл-берекеге бөленеді.

         Әрқашан достық пен ынтымақтастықты ту етіп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманды қалайтын халқымыз үшін осыдан қымбат, бұдан құнды не бар екен, шіркін!?

 

Нұрәділ БЕГІМБЕТ.

 

Соңғы жаңалықтар