Қос елдің қыран тұлғасы: Рахметолла Райымқұловқа 110 жыл

None
Фото: oq.gov.kz
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда туған қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығы кеңінен аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Отандастар қорының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстанның Ташкент облысында дүниеге келген көрнекті жазушы, прозаик, драматург аудармашы, қоғам қайраткері, майдангер Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қос елдің қыран тұлғасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, халықаралық байқау жеңімпаздары марапатталды.

Аталған салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жіберіп, оны Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

«Рахметолла Райымқұлов – руханиятымыздың өркендеуіне зор үлес қосқан қабырғалы қаламгер. Жазушының шоқтығы биік шығармалары оқырман қауымның жүрегіне жол тауып, лайықты бағасын алды. Сондай-ақ, ол шетелдің классикалық туындыларын қазақ тіліне аударып, рухани мол мұра қалдырды», - деп жазылған құттықтау хатта.

Ташкент қаласындағы Өзбекстан жазушылар одағы ғимаратында өткен шараға ҚР СІМ қарасты «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы да қатысты. Ол Рахметолла Райымқұлов бауырлас қос елге ортақ шоқтығы биік қаламгер екеніне баса назар аударып, оның аты мен мұрасын өшірмей, жаңғыртып отырған Өзбекстандағы қазақ қауымына терең ризашылығын білдірді. А. Сапарбекұлы шеттегі қазақтарға деген мемлекетіміздің қамқорлығы және осы реттегі «Отандастар қорының» жобалары туралы қысқаша баяндап өтті.

Іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Б. Атамқұлов пен екі елдің зиялы қауым өкілдері, Р. Райымқұловтың қызы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ақтоты Райымқұлова, сондай этникалық қазақтардың белсенділері мен жастар қатысты.

Айта кетсек, ҚР СІМ және оған қарасты «Отандастар қоры» Р. Райымқұловтың ұрпақтарымен бірге 13 жас пен 35 жасқа дейінгі шетелдегі қандастар арасындағы талапты жастарға арналған «Қос елдің қыран тұлғасы» атты халықаралық шығармашылық байқауын жариялаған болатын. Байқау нәтижесі бойынша алғашқы үш жүлделі орынды алған Моңғолия және Өзбекстанның этникалық қазақ жастары қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Өз кезегінде, «Отандастар қоры» жүлделі орын алған 6 қазақ баласына алдағы шілде айында Бурабайда өтетін жазғы лагерьге тегін жолдама берді.


Соңғы жаңалықтар