«Қос бейіт» кесенесі: Байдың қызы мен жылқышы жігіттің махаббатының белгісі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Жақсы ауданының Терісаққан ауылы маңында «Қос бейіт» деп аталатын кесене бар. Жазық далада алыстан көрінетін қос төбеден пайда болған кесененің былайша аталуының өзіндік тарихы бар. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Серік Ысқақов айтып берді.

Оның айтуынша, аталмыш ескерткіш туралы деректер Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» кітабында (2003 жыл) кетірілген. Жергілікті өлкетанушы Сақташ Әлсейітов те осы туралы халықтың арасында аңыздың  сақталғанын айтқан болатын.

Аңыз былай басталады: «Қос бейіттің» маңайын өз заманында көпшілікке әмірі жүріп тұрған, бай адам жайлайтын болған екен. Байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткен қызы болған деседі. Байға  үйір-үйір жылқысын барымташыларға бермей, ит-құсқа жем қылмай, қалған жылқышы біткенге бас-көз болып жүретін бір мықты жігіт жұмыс істеген екен. Сол жігіт байдың жан дегенде жалғыз қызына ғашық болады, қыз да жігітті ұнатып қалады. Жігіт араға жеңгелерін салып, қызбен кездесіп сөз байласады. Ел құлағы елу дегендей бұл хабар қыздың әкесіне де жетеді. Содан не керек өз есігінде жалданып жүрген кедей жігітке қыз беруді өзіне ар санаған бай қолшоқпарларына бұйырып жылқышы жігітті өлімші етіп сабап кетеді.

Жігіт жақын бір жамағайының үйінде төсек тартып жатса да, қызды алып қашу жөніндегі ойынан айнымайды. Кейін есін жиған соң жігіт ат баптап, уәделескен уақытта бай қызын алып қашады. Сөйтсе, бай жігітті аңдытып қойған екен, сақ отырған бір топ адам екі жастың соңына түсіп қуады. Астарына мінген аттары қанша жүйрік болса да, жабыла туған көп адам олардың соңынан қалмай қояды. 

Бұл көктемнің қар еріп, Терісаққан өзенінің арнасынан тасып жатқан шағы. Қуғыншылар ұстауға таяп қалған соң, екі жас амалсыздан астындағы аттарымен өзенді кесіп өтпек болады. Былайғы кезде беті ғана жыбырлап, шым-шымдап ағатын Терісаққан көктем сала буырқана тулап, ашуына қатты мінетін болса керек, қос ғашықты ағызып ала жөнеледі. Қатты ызаға бой алдырып, қуып келе жатса да қызының ажал тырнағына ілінерін білген бай екі жасты құтқаруға қанша тырысқанымен долы өзен шыр айналдырып, тереңіне тартып əкетеді. Содан, ел-жұрт болып өзен бойын екі-үш күнде бойы шарлап, жігіт пен қыздың мəйітін тауып алады.

Жалғыз қызынан айырылған бай өзінің тым қатты кеткеніне өкініп, тірісінде қосылмаған екі жасты жер қойынына қатар жерлейді. Кейін осы жерге «Қос бейіт» кесенесі салынады.

Айта кетерлігі, кесене Ақмола облысы киелі нысандарының картасына еніп отыр.

Соңғы жаңалықтар