Кортежде көліктің терезесі мен люгінен шығып, ереже бұзғандарға 34 мың теңге айыппұл салынбақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектеп бітіру кештері мен үйлену тойларындағы кортеж кезінде көлік терезесі мен люктерінен шығып, жол ережесін бұзатындарға 10 АЕК айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігі ашық талқыға шығарған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолаушыларды көлік құралының кабинасынан тыс тасымалдау, сол сияқты оларды көлік құралының терезесі мен люктеріне шығаруға жол беру, есіктерді ашу, сондай-ақ қозғалыс кезінде осындай басқа да әрекеттер жасау 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қозғалыс кезінде жолаушылар көлік құралының салонынан тыс жерде болған кезде талапты сақтамау 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен жазаланады», - деп көрсетілген жаңа құжатта.

Мұндай өзгеріс мектеп бітіру кештері мен үйлену тойларындағы кортеж кезінде адамдардың көлік терезесі мен люктерінен шығу оқиғаларының алдын алу мақсатында енгізіліп отыр.

«Қазіргі уақытта түлектердің мектеппен қоштасу кештерін немесе үйлену тойларын өткізу кезінде кортеждердің қозғалысы кезінде жолаушылар көлік құралының люктерінен немесе терезе саңылауларынан шығып, осылайша олардың қауіпсіздігіне немесе тіпті өміріне қауіп төндіретін жағдайлар жиілеп кетті. Қайғылы салдарға жол бермеу мақсатында олардың басталуын күтпестен, жолаушылар тарапынан мұндай іс-әрекеттерге жол бергені үшін жеке біліктілік белгісін бөлу, сондай-ақ жолаушылардың өздері үшін жеке жауапкершілік көздеу ұсынылады. Бұл тәсіл түрлі жағымсыз салдардың пайда болу қаупін жояды», - деп Әділет министрлігі түсініктеме берген өзгеріске.

Құжатты ашық талқылау 13 наурызға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар