Көршісін баласымен бірге өртеп жіберген Рудный тұрғыны мәжбүрлі емдеуге жіберілді

None
РУДНЫЙ. ҚазАқпарат – Бір жыл бұрын Қостанай облысының Рудный қаласында көршісін баласымен бірге өртеп жіберген ер адамның ақыл-есінде кемістігі бар деген қорытынды жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұл жантүршегерлік оқиға былтыр 16 наурызда болған.

Осы күні 44 жастағы ер адам көршісіне келіп, оның есігін қаққан. Есікті ашқан сәтте ол 32 жастағы әйел мен оның 4 жасар баласына керосин құйып, өртеп жіберген.

Бұл әрекетке көршілер арасында туындаған келіспеушілік себеп болған.

Әйелдің қолын күйік шалған, ал бала 40% күйікпен жансақтау бөліміне түсті. Оған 10-нан астам ота жасалған.

Бүгін Қостанайда осы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты.

Аталған қылмысты жасаған 1979 жылы туған Рудный қаласында тұратын Екатеринбург (Ресей) қаласының тумасы Геннадий Миллер екені анықталды.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 520, 521-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Геннадий Миллерді Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы, 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 3-бөлігінде көзделген заңмен тыйым салынған қылмыстық іс-әрекетті ақыл-есінің кемістігінен жасады деп таныды. Әлеуметтік қауіпті әрекетті жасау кезінде Геннадий Миллердің ақыл-есінің дұрыс болмауына байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған жіті бақыланатын психиатриялық стационарда емдеу түріндегі медициналық мәжбүрлеу шаралары тағайындалсын», - деп судья үкім шығарды.

Сонымен қатар, қылмыскер сот шешімімен жәбірленуші тарапқа моральдық зиян келтіргені үшін 2,5 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.


Соңғы жаңалықтар