Көршілес мемлекеттер еліміздегі Шардара қоймасына көп көлемде су жіберіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері еліміздегі Шардара қоймасына көп көлемде су жіберіп жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаменті директорының орынбасары Данияр Сағадиев айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Өткен жылдың желтоқсан айында Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасынан еліміздегі Шардара су қоймасына көп көлемде су жіберілді. Бұл Қырғызстандағы электр энергиясының тапшылығымен байланысты. Негізінен арнайы келісім бойынша Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын беруі тиіс еді. Алайда, өзбек тарапы өз еліндегі тапшылыққа байланысты белгіленген межені орындай алмады. Сондықтан Қырғызстан Тоқтағұл су қоймасынан бізге көп көлемде су жіберіп, нәтижесінде одан энергия алды», - деді Данияр Сағадиев.

Оның айтуынша, соңғы екі күнде Орталық Азия елдеріне жауған қардың көлемі көп болды. Тиісінше, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы су қоймалары толған.

«Осыған байланысты 3 мемлекет өздерінің су қоймасындағы судың көлемін азайту және электр энергиясын өндіру мақсатында оны Қазақстанға жіберіп жатыр. Қазір судың келу жылдамдығы секундына 1 000 текше метрді құрайды. Жалпы, бұған дейін Шардараға секундына 925 текше метр су құйылатын. Қардың еру қауіпін де ұмытпаған жөн. Егер қар тез еріп кетсе, онда Шардараға бағытталатын су көлемі секундына 1 500 текше метрге дейін жетуі мүмкін. Дегенмен дәл қазіргі сәтте Шардараға жақын маңда орналасқан елді мекендері су басу қаупі жоқ», - деп тоқталды Данияр Сағадиев.

Министрлік өкілдерінің болжамына сәйкес, Шардараға келетін су көлемі ақпан айында азаюы мүмкін. Өйткені, Өзбекстанда көктем ерте шығады. Сәйкесінше, егістік жерлерді алдын ала ылғалдандыру басталады. Ал қазір Шардара су қоймасы тағы 2 млрд 200 млн текше метр суды қабылдауға қауқарлы.

Соңғы жаңалықтар