Көрші елдермен трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жалғасады - Экология министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Суармалы егістіктерде су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты мемлекеттік қолдау жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, алдын ала қабылданған шаралардың арқасында биыл оңтүстік өңірлерде вегетациялық кезең шығынсыз өтті. Келесі жылдың вегетациялық кезеңіне дайындық жұмыстарын атқару үшін арнайы жоспарды бекітіп, бастапқы жұмыстарға кірісіп кеттік. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, қантар айынан бастап фермерлер арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деді С. Брекешев.

Осы орайда ол Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізуді мемлекеттік қолдау жөніндегі жұмысты жалғастыруы тиіс екенін айтты. Мұнымен қоса, суармалы жерлер бойынша мониторингті күшейту керек.

«Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шекаралас елдермен трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларды, каналдарды жөндеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экология министрлігіне трансшекаралық су мәселесіне қатысты тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар