Көрші елдермен сауда-саттық экономикаға тың серпін беретін басты тетік - сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда күрделі экономикалық ахуал жағдайында экономиканы дамыту тетіктері талқыланып жатыр. Шараға БҰҰ Азия Тынық мұхит Экономикалық және әлеуметтік комиссия ұйымының (ЭСКАТО) сарапшылары қатысуда.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда көрші елдермен сауда-саттықты жандандыру жұмыс орындарын сақтап, экономикаға тың серпін береді. «Бүгін бізде ЭСКАТО хатшылығынан түрлі кеңес пен ұсыным беруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ біз аймақтағы экономикалық даму деңгейін талқылаймыз. Субаймақтағы байланыстарды қараймыз», - деді ЭСКАТО-ның субаймақтағы өкілдігінің жетекшісі Тициана Бонапасе. Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов шикізат экспорттайтын елдерге басқа экономикалық модельге көшу керектігін жеткізді. «Бүгінгі талқыланатын мәселені 3 қырынан қарауымыз керек. Біріншіден, жаңа экономикалық ахуалда мұнай, басқа да табиғат ресурстарын экспорттайтын елдерге экономикалық дамудың жаңа моделіне көшу керек. Екіншіден, аймақтағы ынтымақтастыққа басымдық берілуі керек. Алыстағы елдермен сауда жүргізу жақсы, бірақ ол ресурстарды экспорттау болып кетеді. Ал көрші елдермен сауда-саттықты дамыту жұмыс орындарын ашып, экономиканы жандандырады. Үшінші компонент экономиканың күретамыры болатын инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Бұл үш құрауыш БҰҰ тұрақты даму бағдарламасына сәйкес келеді», - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар