+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Көрші елдегі қазақ баспасөзі:Ташкентте республикалық қазақ газеті қалай ашылған еді

2021 жылғы 27 маусым 11:31
Бөлісіңіз:
Көрші елдегі қазақ баспасөзі:Ташкентте республикалық қазақ газеті қалай ашылған еді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұдан 30 жыл бұрын Ташкент қаласында «Достық туы» атты газет ашылып, Өзбекстандағы қазақ журналистикасының жаңа дәуіріне жол ашқан болатын. Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аталмыш газеттің бас редакторы Ақан Ташметовпен әңгімелескен еді. Сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Ұқсас жаңалықтар
Аида Балаева пандемиядан кейін әлемдегі ақпараттық технологиялардың рөлі туралы айтты Әлем диалогтың жаңа форматтарын іздей бастады – Дариға Назарбаева Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауапты мемлекет ретінде танылып келеді – Дариға Назарбаева

- Жалпы, Ташкент алаш ардақтыларының ізі қалған қала ғой, онда талай құнды мәдени мұраларымыз жатыр. Мұнда бір кезде қазақ баспасөзі де өркендеді емес пе? Осы туралы айтсаңыз?

- Ұлт тарихы мен тіл тарихы жөнінде сөз қозғалғанда, бізді түркітектес халықтармен бірге Орталық Азияны, анығырағы, ұлан-байтақ Тұран жазығын мекен еткен қазақ халқының тұрмысында жазба әдебиет пен алғашқы баспасөз құралдары қашан пайда болғандығы қызықтыратыны рас. Арғы ғасырларды айтпағанда, ХІХ ғасырдан бергідегі тарихқа назар салып қарасақ, Орта Азиядағы бүкіл қазақ жері мен елі алдымен Түркістан генерал-губернаторлығының (1867-1917 жж.), одан беріде, яғни Қазан төңкерісінен кейін Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының (1918-1924 жж.) құрамында болғанын көреміз.

Ташкенттегі Ә.Науаи атындағы Ұлттық кітапхананың мұрағаты мен сирек кездесетін қорларында қазақ баспасөзі тарихына байланысты құнды материалдар өте мол. Олардың арасында Түркістан өлкесінің қоғамдық-саяси өмірінде орасан зор рөл атқарған қазақ зиялылары жайлы да бай ақпараттық құжаттар жеткілікті. Әсіресе М. Шоқай, М.Тынышпаев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, С.Асфендияров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, И.Тоқтыбаев, Х.Досмұхамедов, Д.Досмұхамедов, Ғ.Мұратбаев, Т.Жүргенов, А.Серғазиев, С.Есқараев, Қоңыр-Қожа Қожықов, А.Оразбаев, Е.Омаров, Х.Болғанбаев сияқты қазақтың өр тұлғалары жайлы мәліметтер кез келген жанды өзіне баурап алады. 1870-1883 жылдар аралығында қазақ елінің рухани мұқтаждығын қанағаттандырып тұрған ең алғашқы қазақ үнқағазы – «Түркістан уәлаяты газеті», мерзімдік басылымдар – «Бірлік туы», «Ақ жол», «Алаш», «Кедей айнасы», «Жас қайрат» газеттері мен «Шолпан», «Сана» журналдары жөніндегі құнды деректер әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Аталған газеттер мен жұрналдар тек жалпы қазақ ұлты үшін ғана емес, болашақтың иелері болмыш жастар үшін де аса маңызды рөл атқарғандығы сөзсіз. 1918 жылдың шілде айында негізі қаланған «Жас азамат» газетінің, сосын 1921 жылдың наурыз айынан бастап жарық көрген «Жас Алаш» басылымының қазақ жастарына жаңа бағыт пен бағдар беру көшін бастағандығын қазіргі замандастарымыздың көбі біле бермейді. Әйтсе де Кеңес өкіметі жастарға бағыт-бағдар берудегі «кемшіліктері үшін» сылтауымен «Жас Алашты» жауып тастаған соң, оның орнына 1922 жылдың 1 қыркүйегінен «Жас қайрат» газеті шыға бастады. Түркістан Жастар комитеті мен Орталық Азия бюросының органы болып саналған бұл басылымның алғашқы редакторы Ерғали Алдоңғаров есімді азамат еді. Бұл басылым 1924 жылдан бастап жұрналға айналды.

Көп өтпей-ақ, 1924 жылдың 8 ақпанынан бастап «Еңбекші қазақ» газетімен бірге оның қосымшасы – «Лениншіл жас» жарық көрді. 1926 жылдан ол «Жас қазақ» деген атпен өз алдына отау тікті де, 1927 жылдың 22 қыркүйегінен «Лениншіл жас» бұрынғы атауына қайта оралды. Бүгінгі таңда «Жас Алаш» деген атпен қазақ жастарының сүйікті басылымына айналған бұл үнқағаз мерейлі 100 жасқа толып отыр.

- Осынау даңқты басылымдардан соң Өзбекстандағы қазақ журналистикасының жай-күй қалай болды?

- Біршама үзілістен соң қазақтар жиі шоғырланған бірқатар аудандарда қазақ тілінде газеттер шығып тұрды. Олардың арасынан Ташкент облысының Бостандық ауданының «Коммунизм үшін» (қазіргі атауы «Бостандық даусы»), Жоғарышыршық аудандық «Қарқын», Жызақ облысындағы Мырзашөл аудандық «Достық», Науаи облысындағы Тамды аудандық «Тамды шаруагері», Үшқұдық аудандық «Үшқұдық», Кенимех аудандық «Кенимех таңы» секілді газеттерді атап өтуге болады. Жергілікті қазақтардың жетістік-табыстарын да, кемшілік-жетіспеушіліктерін де көтеріп, жоғары билікке жеткізіп отыруда олардың үлестері айрықша еді десем, қателеспейтін шығармын.

- Дегенмен, одан кейінгі жылдары қазақ тілінде республикалық газет ашу мәселесі бірнеше жылға созылып кеткен сияқты ғой. Кейбір қиын жағдайлар да болды емес пе?

- 1989 жылы көктемде Өзбекстан КП Орталық Комитеті республикадағы бірнеше бауырлас тілдерде орталық газеттер шығару жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Дейтұрғанмен, түрлі жағдайларға байланысты бұл қаулының жүзеге асуы қиындап кетті. Сол себепті республиканың қазақтар жиі шоғырланған аудандарынан шақырылған бір топ журналистер Орталық Комитетке күнара қатынап, алдағы міндеттер мен атқарылуға тиісті міндеттерді қанша талқыласақ та, еш нәтиже шыға қоймады. Арада қыс өтіп, 1990 жылдың көктемі де келді. Астанамыз Ташкентке жиі қатынап жүріп, азды-көпті кәсіптестермен, жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін қазақ оқытушылармен, өздерін көрмесек те, атақ-даңқын естіп жүретін бірқатар ғалым ағалармен танысып алдық. Сол екі арада Қазақстан және Өзбекстан республикаларының басшылары Н.Назарбаев пен И.Каримовтың кездесуінде Өзбекстанда «Достық туы» атты қазақ газетін, ал Қазақстанда «Дустлик байроғи» деген атпен өзбек газетін шығаруға келісім жасалуына орай Республикалық Қазақ мәдени орталығында өткен кезекті бір басқосуда республикалық қазақ газетін шығаруға ат салысатын ынталы топ құрылды. Қойын дәптерімнің бір бұрышында сол топ мүшелерінің аты-жөндері осы күнге дейін жазулы тұр. Міне, олар: Ж. Қалымбетов, М. Бекбергенов, Т. Айдаров, М. Оразов, Қ. Сейданов, Б. Тұрғынбаев, Е. Төлепбергенов, А. Сейдахметов, Н. Торшаев, Ү. Асқаров, Ә. Тілеубеков, К. Балықбаев, Ш. Орынбаев, Б. Қалмаханов, Н. Омашев, Д. Тәженов , А. Ташметов, Қ. Ерниязов , Ә. Дүлдүлов, Д. Қалдыбаев және т.б.

Біз газет қашан шығады, қалай шығарамыз деп жүргенде, Компартия ОК-нің қаулысы өз күшін жойғаны жөнінде хабар келді. Әуелгі желігіміз су сепкендей басылып, не істерімізді білмей дағдарып қалдық. Ынталы топ мүшелерінің көпшілігінің салы суға кетіп, қолын бір-ақ сермеп кетіп қалғандары да болды. Әйткенмен, жігерлі, алған бетінен қайтпайтын жүректі жігіттердің біразы алдан үміт күтіп, бұл істі аяқсыз қалдырмауға белді бекем буған-тұғын. Әсіресе Тамды аудандық газетінің байырғы редакторы Жүсіп Әлқожаев, Мырзашөл аудандық газетінің жауапты хатшысы Әбдәлім Тілеубеков және мен үшеуміздің жұбымыз жазылмай, алдағы жоспарларымызды жетілдіре бердік. Бірде Орталық Комитеттің ұлтаралық қатынастар бөлімінің сектор меңгерушісі Артықбай Үкібаевтың кабинетіндегі кезекті жиыннан шығып, үлкен көшені қиып өте бергенімізде, алда бара жатқан мені бір машина қағып кетіп, жалп етіп асфальт үстіне құлап түскенім бар. Серіктерім көтеріп алып, былайырақ шығарып, есімді жиғызғанша, әлгі жүргізуші сабаз тайып отырған екен. Қиылыстағы милиционер келіп, хал-жайымыздың жаман емес екендігін көрген соң, біз де ол арадан тезірек кетуге асықтық. Кейіннен үшеуміз әр кездескен сайын сол оқиғаны еске алып, күлісіп жүрдік.

- Сол қиындықтардан соң «Достық туы» гезеті қалай ашылды?

- Сонымен 1990 жыл да аяқталуға жақын қалғанда, анығырағы 1990 жылғы 6 желтоқсан күні Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы мен Өзбек КСР Президенті жанындағы Министрлер Кабинетінің «Халқ сузи», «Народное слово», «Хақиқати Узбекистон», «Достық туы» және «Ленин байрагъы» газеттерін шығаруды қамтамасыз ету туралы» №175-ХІІ қаулысы аспанды қаптаған қара бұлттың арасынан шыққан күндей болып жарқ ете қалды.

1990 жылғы желтоқсанның 31 күні таңертеңгі сағат 9.00-де Өзбекстан КП ОК-нің идеология хатшысы Жахонгир Хакимович Хамидовтың кабинетінде қазақ газетінің жағдайы туралы мәселе қаралып, оған «Шарқ» баспа-полиграфия концернінің басшысы Ислам Шағұламов, Мемлекеттік баспасөз комитетінің төрағасы Убай Абдуразақов, Президенттің мемлекеттік кеңесшісі Шахобиддин Зиямов, ОК-тің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Аббос Усманов, Президент аппаратының ұлтаралық қатынастар бөлімінің сектор меңгерушісі Артықбай Үкібаев, Кабминнің баспасөз және насихат бөлімінің жауапты қызметкері Оңғар Сәдібековтер қатысты. Қаулының орындалуы неліктен кешеуілдеп жатқаны жөнінде газет редакторы міндетін атқарушының орынбасары ретінде маған сұрақ қойылғанда, бұған қазақша шрифтер базасының жоқтығы мен кадрлар жетіспеушілігі негізгі себеп болып отырғанын баяндадым. ОК хатшысы үкімет қаулысының орындалмай жатқанына наразылығын білдіріп, жауапты жолдастардың бірнешеуіне ескерту жасады. Сосын А.Үкібаевқа Шымкент облыстық партия комитетімен хабарласып, қазақ газетін уақытша сондағы баспаханада басып шығара тұру жөнінде келісім жасауды тапсырды. Ал Баспасөз комитетінің басшысына қазақ газетінің өкіліне 10 тонна қағаз бөліп, жүк машинасымен қамтамасыз ету жүктелді.

Газеттің алғашқы редакторы міндетін атқарушы журналист Қайбулла Ерниязов болатын. Кейбір себептерге бола, тұңғыш сан шығар алдында бұл орынға мен тағайындалдым. «Достық туының» алғашқы саны 1991 жыл Шымкент облыстық баспаханасында басылды. 1 айға жуық уақыттың ішінде газеттің 11 санын жарыққа шығардық.

- Газет ұжымы, оны шығаруға атсалысқан белсенді авторлар жайлы айтып берсеңіз.

- Бастапқыда ынталы топтың құрамында болған тамдылық Жүсіп Әлқожаев ағамыз газет жабылғанға дейін Науаи облысы бойынша меншікті тілші, белсенді насихатшы ретінде қыруар еңбек сіңірді. Ал мырзашөлдік Әбдәлім Тілеубеков әуелі Жызақ, Сырдария облыстары бойынша меншікті тілші, бертін келе бас редактордың орынбасары болып, жас тілшілердің бапкер-ұстазына, редакцияның бетке ұстар мақтанышына айналды. Ардагер журналистер Файзолла Жұмақұлов, Дарап Дәрменов, Құлназар Ибрагимовтар өткір де уытты тілмен жазылған сатиралық мақалалар мен фельетондардың, сықақтар мен скетч-интермедиялардың нағыз майталмандары атанды. Ақын, прозаик, айтыскер Мекембай Омаров сегіз қырлы, бір сырлы журналист ретінде оқырманды елең еткізетін тың тақырыптарға қалам тартып, халықтың қалаулы тілшісі ретінде танылды. Әсіресе редакцияның саясат және парламент бөлімінің редакторы Үсен Асқаровтың қаламынан туындаған өткір де өзекті, күн тәртібінен түспейтін батыл ойлы мақалалары «Достық туының» ұстанған позициясын айқын көрсетіп, газетке деген сенімді күшейте түсті. Қарақалпақстандағы меншікті тілшіміз Мұратбай Ұлықмановтың қаламына тән очерктер, фельетондар мен сын мақалалардың қазақ басылымының ел ішіндегі абырой-беделін арттыруға еселі үлес қосқанын айтпай кетуге болмайды. Аға журналистердің қатарын өзіндік жазу стилі мен ерекшелігі бар Гүлнар Байжанова, Нұрбибі Омарова, Қарлығаш Мәмбетова, Тұрсынай Жайлаубаева, Зәмира Құдайбергенова рәуіштес қыз-келіншектер легі толықтырып отырды. Ал газетке кештеу келген фариштық Зиядулла Піретов ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен, өзекжарды проблемалық мақалаларымен газет тарихында мәңгілік жазылып қалды.

Газеттің нағыз жанашырлары жөнінде сөз қозғалғанда, қарақалпақстандық Дариябай Шарапиев, Балтабай Әділов, кенимехтық Нарбай Қожахметов, Ескендір Сәдуақасов, үшқұдықтық Полат Салқамов, сырдариялық Ілияс Айынов, Сейдуалы Оразәлиев, жызақтық Пердебай Ергешов, Серік Жүнісов, тойтөбелік Дадажан Қажыбеков, Әнуар Нәшіров, қыбырайлық Қамбар Ахметов, Темір Қадыров, Тұрғынбай Ештаев, жоғарышыршықтық Боран Қыдыров, ағайынды Әкім және Әбдуәлі Аманқұловтар, бостандықтық Дүйсен Сатаев, Мұсырман Орынбаев, Әлізақ Анаров, тәшкендік Әбзелбек Шілдебайұлы секілді азаматтарды айрықша атап өткім келеді.

- Газет қай кезге дейін шықты?

- «Достық туы» газеті 1993 жылдың 9 ақпанынан өмір сүруін тоқтатып, оның орнына «Нұрлы жол» атты апталық газет келді. Полиграфиялық база, басыбайлы баспана, жылдық таралым қоры, бюджеттен бөлінген қаржы толығымен жаңа газеттің есебіне өтті. Газеттің аты өзгергенмен, заты сақталып қалды.

- Рақмет, аман болыңыз.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бегабат Ұзақов

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT