Көрші ел азаматтарының шекараны заңсыз өткені үшін лауазымды адамдар жазаланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекарадан заңсыз өткен Қытай азаматтары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақанға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дархан Ділмановтың сөзіне қарағанда, тергеу амалдарынан кейін шекарадан заңсыз өту фактісі бойынша сот болады. Аталған азаматтарға қатысты бұдан басқа айып тағылып отырған жоқ. Бұл күдіктілерге бір жыл бас бостандығынан айыру немесе шартты жаза да қолданылуы мүмкін.

«Мемлекеттік шекараны бұзу Шығыс Қазақстан облысы Зайсан шекара отряды учаскесінде тіркелді. Қытай азаматтары шекараны заңсыз қиып өткен жерді өздері көрсетті. Біз осы мәліметтерді тіркедік, сол жерде анықталған заттай айғақтар да бар. Олар бұл заттар өздеріне тиесілі болғанын растады», - деді Д. Ділманов.

Мұндай жағдай өте сирек кездесетініне тоқталған ол, «мемлекеттік шекара өте берік екенін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда адами фактор орын алуы мүмкін. Сәйкесінше, біз тиісті тексеруді жүргізіп жатырмыз. Осы орайда мемлекеттік шекараны күзету бойынша кейбір қадамдарды өзгертеміз.

Оның айтуынша, аталған оқиғадан Қазақстан Шекара қызметі қызметтік тексеру жүргізді.

«Тиісті текеру жүргізілді, барлығы тиісті жазасын алады. Лауазым иелері жазаға тартылады. Олар қатардағы сарбаздар емес, яғни лауазымды адамдар. Осы орайда шекара бекетінің басшысы, шекара комендатурасының коменданты бар. «Зайсан» бөлімінің командирі қызметінен шеттетілді», - деді Д. Ділманов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 10 қазанда Қытай азаматтары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақанға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігінде қарастырылған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз өту» бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды.

Соңғы жаңалықтар