Қоршаған ортаны қалай қорғап жүрміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоршаған ортаның ластануынан жыл сайын әлемде 9 млн адам көз жұмады. Әлемдегі ахуал, әсіресе кейінгі 20 жылда нашарлап, қоршаған ортаның ластануынан кісі өлімі 66 пайызға артқан екен. Осыған байланысты экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жыл сайын өзекті болып тұр. Қазақстандағы және әлем елдеріндегі қоршаған ортаның ластануы, экологияға бөлінетін инвестицияның төмендеуі, су ресурстары, қоқыс қалдықтары және өзге де экологиялық проблемалар туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Экологиялық проблемалар

Қазақстанда 45 өнеркәсіптік қала бар және оның 10-ында атмосфералық ауа ластануының ең жоғары деңгейі тіркелді. Соңғы жылдары ауаның ластану проблемасы дүниежүзін алаңдатып отырған өзекті мәселеге айнала бастады. Еліміздегі негізгі экологиялық проблемалар - атмосфералық ауаның ластануы, жерүсті сулары және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлауы. Әр түрлі салада жүргізілген зерттеулерге сәйкес, адамзат баласының күнделікті тіршілік-қызметінің әсерінен климат және сыртқы орта жаһандық ауқымда өзгерістерге тап болған. Мәселен, мұнай мен оның өнімдерінің, өндірістік қалдық-қоқыстардың суға ағып қосылуынан мұхиттар ластанып, ол көптеген жануарлар мен балықтардың, құстардың азаюына, тұтастай экожүйенің бұзылуына ықпал етеді. Саны күн санап көбейіп жатқан көліктер атмосфераға көмірқышқыл газын бөліп, соның салдарынан жерде құрғақшылық, кейбір құрлықта керісінше мол жауын-шашын болып, ауада оттегі азайып жатыр.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, асқазан, өкпе, бауыр, ұйқы безі обырынан көз жұматын адамдар қатары күн санап өсіп жатыр. Мұның бір себебі – экологияның нашарлауы. Қатты бөлшектер өкпеге терең еніп, қан айналымы жүйесіне сіңіп, жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелеріне әсер етеді. Ауадағы азот диоксидінің мөлшері тыныс алу органдары ауруларына, атап айтқанда демікпеге әкеліп соғады. Ұйым сарапшылары 10 адамның 9-ы ластанған ауада өмір сүріп жатқанын айтады.

Ауаның ластану рейтингі

2022 жылғы әлем қалаларының ластануына қатысты түзілген рейтингте Қазақстан 115 елдің ішінде 33-орынға тұрақтаған. Ластану индексі – 73,4. Бұл ретте индекс неғұрлым жоғары болса, жағдай соғұрлым нашар екенін білдіреді. Ең лас елдер рейтингінің көш басында Камерун, Моңғолия және Мьянма тұр. Ал әлемдегі ең үздік көрсеткіш, яғни тазалығы жағынан бірінші орында Финляндия. Бұл елдің ластану индексі - 12,1 ғана. Рейтингке кірген ТМД елдеріне назар аударсақ, Әзербайжандағы ауаның ластану деңгейі Қазақстанға қарағанда жоғары екенін байқаймыз. Ал Молдова, Украина, Ресей, Армения және Беларусь елдерінде жағдай бізбен салыстырғанда біршама жақсы.

Қазақстандағы ауаның ластануы

Ақпан айында өткен Үкімет отырысында ҚР Экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов осы тақырыпта біраз мағлұмат берген. Ол Қазақстанда 2021 жылы ауаға шығарылған зиянды заттардың көлемі 2,4 млн тонна болған,, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 6%-ға азайып отырғанын мәлімдеді. Төгінділер көрсеткіші 9%-ға төмендеген. Шамамен 4,2 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда аз. Алайда қолданыстағы 3007 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 2404-і экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.

Ауа ластануының негізгі себептері

Еліміздегі ауа ластануының негізгі себептері қатарында көмірмен жағылатын жылу электр станциялары, одан кейін көлік, жеке сектор, өндірістік қалалардағы (Теміртау, Өскемен секілді) ауаға таралатын зиянды заттар, Ақтөбе мен Атырау қалалаларында жұмыс істемейтін кәрізді тазалайтын құрылғылардың жоқ болуы және тағы басқалары бар.

Елдегі қоршаған ортаның ластануына нақты қандай себеп бар екенін профессор-эколог Мұрат Нұрышевтан сұрап көрдік. Оның айтуынша, Қазақстанда газдандыру жұмысы өте баяу жүріп жатыр, сондықтан да бұл ауаның ластануына себеп болып отыр.

«Еуроодақ өздерінде газ болмаса да, 100% толықтай газдандырылған. Ал біз газдың үстiнде отырып, көмip жағамыз. Жақын аралықта сол үшiн санкциядан бipнеше есе қорлық көремiз. Сонымен қоса ауыл шаруашылығы мен экология саласында айтарлықтай маман жоқтығы да байқалып отыр. Бұл да өзекті мәселе», - деді Мұрат Нұрышев.

Қазақстанда ауа сапасы «жасыл» болашаққа қарай жүйелі жұмысын бастады деп айта аламыз ба? 2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізуге ниетті екенін айтқан еді. Соның негізінде парниктік газ шығарындыларын азайту, экономиканың барлық саласын қайта құру міндетін жүктеген болатын. Ал 2021 жылдың 2 қаңтарында Президент жоғарыда айтылған экологиялық кодекстің жаңа редакциясына қол қойды. Жаңа құжатта атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқару және өңірлердегі экологиялық мәселелерді тұрақты және үздіксіз шешу қажеттігі нақтыланды. Бұл құжаттың негізгі ерекшелігі - ірі кәсіпорындарды модернизациялау және олардың қоршаған ортаға тигізіп жатқан зиянын төмендету. Оны азайту үшін қолжетімді жаңа технологиялар алынып, ірі кәсіпорындарға автоматтандырылған экологиялық арнайы бақылау жүйелері енгізіледі.

Жаңа Экологиялық кодекстегі оң үрдістің бірі – өндіріс секторы мен кәсіпорындардан ауа ластанғаны үшін бюджетке түсетін төлемдерді реттеу. Бұған дейін ол төлемдер жергілікті қала, өңірлердің басқалай қажеттілігіне пайдаланылып келген, тек 45%-ы ғана ауа ластануымен күрес жұмыстарына жұмылдырылған. Кодекстегі өзгерістерге байланысты енді ол төлемнің барлығы жергілікті экологиялық жағдайға, оның ішінде ауа сапасын жақсарту бағытына жұмсалмақ. Бұл – табиғатты қорғау жөніндегі қызметті қаржыландырудың қосымша көздері ашылады деген сөз.

2030 жылға қарай пластикалық қоқыстар көлемі екі есе артуы мүмкін

Пластик қалдықтардың табиғи экожүйе мен адам денсаулығына көп зиян келтіретінін атап өткен жөн. Зерттеулерге назар аударсақ, 2030 жылға қарай пластикалық қоқыстардың (микро және нано өлшемді пластмассаларды қоса алғанда) жер бетіндегі көлемі екі есе артуы ықтимал. Алайда COVID-19 пандемиясы кезеңінде бір реттік қолданылатын пластмассаны (оның ішінде медициналық бетперде мен қолғап сияқты жеке қорғаныс құралдары да бар) шамадан тыс пайдалану мен тұтынудың салдарынан жоғарыдағы болжам әлдеқайда күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта ғалымдар қысқамерзімдегі және ұзақмерзімді сценарийлерді ескере отырып, COVID-19-дың макропластикалық ластануға әсері, оның қоршаған орта мен адам денсаулығына тигізетін зияны туралы жан-жақты зерттеулер жасап, оның алдын алу мен салдарын жеңу стратегияларын қарастырады. Оны еңсеру кезеңінде әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына байланысты денсаулық сақтау мен экологиялық қауіпсіздік салаларындағы теңсіздік үлкен екені рас. Пластик қалдықтар мәселесі әдетте конференциялар мен халықаралық жиындардың тақырыбы ретінде қалып қойып, күнделікті өмірде қала көшелері мен аулаларында, балалар алаңында, саябақта, қала сыртындағы демалыс орындарында қоқыс болып, экология мен тазалыққа зиянын тигізіп жатыр.

Біздің елімізде қоқыс өңдеу мәселесі өзекті. Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Бірақ оның аз бөлігі ғана өңделеді.

Қазақстан Париж келісімі бойынша, 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға, яғни 56 млн тоннаға қысқарту міндеттемесін қабылдады. 2019 жылы парниктік газ шығарындыларының 1990 жылғы деңгейден 2,4%-ға төмендеуіне қол жеткізілген еді. Экология министрлігі барлық негізгі нысандар үшін парниктік газ шығарындыларын азайту жөніндегі Жол картасын әзірледі.

Экологияға инвестиция көлемі бір жылда үштен бірге қысқарды

2022 жылғы қаңтар-ақпанда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі инвестиция бір жылда 30,7%-ға, яғни 6,2 млрд теңгеге дейін қысқарып, үшінші жыл қатарынан төмендеді. 2021 жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 8,9 млрд теңгені құраған еді. Бұл да бір жыл бұрынғыдан 65%-ға аз.

Өңірлік тұрғыда ең көп инвестиция Түркістан облысына (37,1% немесе 2,3 млрд теңге) тиесілі. Екінші орында Қарағанды ​​облысы - 1,9 млрд. теңге бөлінген. Үздік үштікті Павлодар облысы 608,1 млн.теңгемен қорытындылайды.

Осы тұста, экологияға инвестиция көлемі неліктен азайып жатқаны туралы белгілі эколог, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай айтып берді. Оның айтуынша, басты себеп өндіріс санының көбеюімен тығыз байланысты болып отыр.

«Экологияға инвестиция көлемі азайып жатыр. Оған соңғы 5 жылдағы өндіріс санының көбеюі себеп болып отыр. Соның ішінде орман-тоғайлар, су-теңіздерімізден айырылып жатырмыз. Мысалы, Сырдария, Ертіс суының азаюы мәселесі бар. Оның бәрін қайта қалыпқа келтіру үшін инвестиция керек. Экономиканы дамыту үшін көп қаржы бөлініп жатыр. Алайда дамып жатқан экономиканы көрмей тұрмын. Әсіресе шикізатты игеруге көп қаражат жұмсалып отыр. Соның әсерінен экология тұншығып жатыр. Мәселен, Атырау облысы Жылыой ауданында экологиялық жағдайға мүлдем көңіл бөлінбейді. Ол жақта ахуал өте нашар. Өңірде орташа өмір сүру ұзақтығы - 45 жыл. Атырау облысындағы мүгедек балалардың жартысы Жылыой ауданында дүниеге келеді. Сонымен қатар тиісті ауруханалар да, оңалту орталықтары да жоқ», - деді эколог.

Сондай-ақ ол елімізде көмір энергетикасы жақсы дамығанын атап өтіп, тіпті уақыт өткен сайын оның үлесі өсіп жатқанын жеткізді.

Экология маманы еліміздің экологиялық проблемаларын шешу үшін «жасылдар партиясы» керек екенін атап өтті.

«Қазақстанға экологиялық бағытта «жасылдар партиясы» керек. Осы орайда, біз «Байтақ жасылдар» партиясының құжаттарын Әділет министрлігіне өткіздік. Сол арқылы ғана жасыл экологияға инвестицияны қолайлы ете аламыз. Сонымен қатар енді әрине, тұрмыстық, кәріз, медициналық қалдықтар адам саны артқан сайын көбейіп жатыр. Бұның бәрін қайта өңдеу, сұрыптау, утилизация жасаудың жаңа технологияларын енгізуіміз керек. Бұл мәселеден модернизация жасалу керек»,-деп толықтырды ол.

Қорыта келе, Қазақстан экологиясында назар аударарлық мәселелер жетерлік екенін айтқымыз келеді. Халықтың саулығы экологиялық мәселемен тікелей байланысты болғандықтан, оны ескеру аса маңызды. Десек те, елдегі экология сaлaсындaғы зaңнaмaғa енгізілген өзгерістер мен толықтырулaр мемлекетімізде қордaлaнып қaлғaн көптеген проблемaны шешуге ықпaл етері сөзсіз. Жaуaпкершілік қaтaңдaғaн кезде зaңбұзушылық көлемі де aзaятыны жaзылмaғaн зaңдылық екенін ұмытпаған жөн.

ВЕНЕРА ЖОЛАМАНҚЫЗЫ


Соңғы жаңалықтар