Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады - Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Павлодар мен Екібастұз жастары «EcoStudentKZ» республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазартқанынан хабардармын. Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратындықтан, мұндай іс-шаралар көбірек болуы тиіс деп есептеймін.

Сондықтан, менің ұсынысыммен Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл игі іс табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіруге арналған. Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл тұрғыда Қазақстандағы волонтерлардың еңбегін атап өтті.

«Өздеріңізге мәлім, мен 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Бұл шешім өзін ақтады. Халықаралық ұйымның қызметкері ретінде мен волонтерлық қозғалыспен жаһандық ауқымда айналыстым. Ал, Қазақстанда волонтерлық жастардың ынта-жігеріне ғана негізделген маңызды күш деп есептеймін. Біздің жастарымыздың бұл жасампаз күшін, әрине еліміздің игілігі үшін, халқымыздың игілігі үшін, атап айтқанда, табиғатымызды таза ұстап, қорғау үшін пайдалану керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото:t.me/bort_01





Соңғы жаңалықтар