Корпоративтік табыс салығын қазіргі деңгейде сақтап тұру бюджеттің кірістерін қосымша 83 млрд. теңгеге арттыруға мүмкіндік береді

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосуда баяндама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Лена Кармазина республикалық бюджет пен Ұлттық қорға түсімдер сценарийіне тоқтала келе, заң жобасында 2010 жылғы мұнайдың әлемдік бағасы 50 доллар көлемінде болжанғанын атап өтті. Оның айтуынша,  заң жобасымен Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді тоқтатып, оның активтерін жинақтау саясатын жалғастыру шаралары көзделеді. Сонымен бірге, 2010-2012 жылдарға арналған корпоративтік табыс салығын ағымдағы жылғы деңгейде, яғни 20 пайыздық мөлшерде сақтап қалу көзделген. «Бұдан бұрынырақ 2010 жылға қарай корпоративтік табыс салығын сатылап 15 пайызға дейін төмендету шарасы күтілген болатын. Дегенмен де, корпоративтік табыс салығын осы деңгейде сақтап тұру бюджеттің кірістерін қосымша 83 млрд. теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл көрсеткіш 2011-2012 жылдары 220 млрд. теңгеге дейін көтеріледі», деді Л. Кармазина.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылғы республикалық бюджет түсімдері 3 трлн. 189,6 млрд. теңге шамасында болжанса, шығыстар 3 трлн. 910,6 млрд. теңге шамасында айқындалған. Сонымен бірге, ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2010 жылғы 2,4 пайыздан 2014 жылы 3,9 пайызға дейін біртіндеп ұлғаятыны болжанып отыр. Бұдан басқа, 2010 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 4,1 пайызды құраса, бұл көрсеткіштер 2011 жылы 3,8 пайыз, 2012 жылы 3,5 пайыз болып айқындалған.

Соңғы жаңалықтар