Корпоративтік табыс салығын қазіргі деңгейде қалдыру 2010 жылғы бюджетке 83,7 млрд. теңге түсуіне мүмкіндік береді - Б. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -  Корпоративтік табыс салығын қазіргі 20 пайыздық ставка деңгейінде қалдыру 2010 жылғы бюджетке қосымша 83,7 млрд. теңге түсуіне мүмкіндік береді.

  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Қолданыстағы заңнамада салық ставкасын 2010 жылдан бастап 17,5 пайызға, ал 2011 жылдан бастап 15 пайызға төмендету көзделген болатын. Дегенмен, қазіргі дағдарыс салдарына орай  2010-2012 жылдары корпоративтік табыс салығының ставкасын қазіргі 2009 жылғы деңгейде, яғни 20 пайыздық  мөлшерде қалдыру қажеттігі туындап отыр. Бұл шара мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруы үшін қажет болып табылады», деді министр. Оның айтуынша, салық ставкасы биылғы деңгейде қалса, 2010 жылғы бюджетке  83,7 млрд. теңге, 2011 жылы - 200,6 млрд. теңге, 2012 жылы - 219,7 млрд. теңге қосымша қаражат түсіруге мүмкіндік береді. Бұл түсім келесі үш жылға арналған республикалық бюджет жобасында ескерілген. Сонымен бірге, егер корпоративтік табыс салығының 20 пайыз ставкасы 2010-2012 жылдарға ұзартылса, пайдалы қазбаларды өндіру салығы да осы жылдарға созылуы тиіс болады екен.

 Б. Сұлтановтың айтуынша, жобада дағдарысқа байланысты халықтың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беру шаралары да көзделіп отыр. «Жалпы алғанда         келесі жылы Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 1, 2, 3-топтағы  мүгедектер, тыл еңбеккерлерінің табысына салық салынбайтын шек ең төменгі жалақының 45 есе мөлшерінде болса, енді ол 55-ке дейін ұлғаяды.   Және де өзі табыс табатын мүгедек баланың табысы салықтан босатылады», деді министр.  

Соңғы жаңалықтар