Коронавирустың жаңа толқыны: Ғалым Қазақстандағы жағдайға пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «PERSONA» халықаралық репродуктология клиникалық орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшин әлемде және Қазақстанда КВИ-дан емдеу тәсілі мен індеттің жаңа толқынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Індет барша әлем үшін тосын жағдай болды. Қазіргі кезде 200-ге жуық мемлекет қиындықтарға тап болды. Диагностика мен емдеу тәсілі үнемі өзгеріп тұрды. Басқа инфекциялар бойынша тиісті емдеу тәжірибесі қалыптасса, ал бұл жағдайда тәжірибе процесс барысында жинақталды. Сондықтан біздің бір топ мамандарымыз өзге елдердің ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеді. Вирустан емдеудің бастапқы кезеңінде қамтылған препараттардың көбісі біртіндеп тізімнен шығарылды, себебі олардың тиімділігі төмен екені анықталды. Елімізде антибиотиктерді пайдаланудан кері әсер болды. Өйткені, індетке шалдығу деңгейі күрт өскен кезде, дәріханаларда дәрі-дәрмек тез арада азайып кетті, адамдар арасында дүрбелең орын алды. Осы орайда тұрғындар өзін-өзі емдеумен айналысып, соның кері әсеріне тап болды, яғни бауыр мен өзге де мүшелерге салмақ түсірді. Атап айтқанда, әлемдік әрі отандық тәжірибенің арқасында емдеу хаттамасында дәрілік препараттар тізімі азайтылды», - деді Вячеслав Локшин.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде індеттің жеңіл формаларына ем-дом қажет еместігі дәлелденді. Осы орайда парацетомол алып, сұйықтықты көбірек ішуге кеңес берілген.

«Сонымен қатар, америкалық «Ремдесивир» препаратына үміт артқан едік, алайда мәліметтер бойынша препарат тиісті нәтиже бермей отыр. Енді бірқатар ел даярлап жатқан вакцинадан нәтиже күтеміз. Бұл шараларға Қазақстанның да ғалымдары үлесін қосуда. Сынақ жұмыстарының үшінші кезеңі жүріп жатыр және оның барлығын маңызды деп санаймын», - деді ғалым.

Мұнымен қоса ол жүкті әйелдерді емдеу шараларына жеке тоқталды.

«Коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелдер үшін ем-дом хаттамасын даярладық. Олардың саны Қазақстанда 2 мыңға жуық. Инфекцияның ұрыққа әсері етпейтіні қуанышты жағдай, бірен-саран балаға індет жұқты. Негізінен, инфекция плацента арқылы жұқпайды. Сонымен қатар, жыныс жасушаларына әсері жоқ екені дәлелденді», - деді В. Локшин.

Ғалымның айтуынша, коронавирус пневмониясымен ауырған жүкті әйелдерге қатысты проблема болды.

«Қазіргі кезде мамандар тобымен тиісті хаттаманы әзірледік, онда қажетті препараттарды дер кезінде беру тәртібі ескерілген. Әлем елдерінде індеттің таралуының жаңа толқыны басталғанын байқап отырмыз. Бұл тұрғыда вирус мутацияға ұшырады, сондай-ақ адамдар карантин талаптарына жауапкершілікпен қарамай жатыр деп санаймын. Адамдар маска тақпай жүргенін байқаудамыз, бұл өз кезегінде аурудың жаңа айналымына алып келуде. Тағы бір маңызды жайт – ол біртіндеп иммуниет қалыптасуда. Егер халықтың 60-70 пайызы ауырса, онда індет күрт төмендейді. Себебі ауруға шалдығу тізбегі үзіледі, бұл да маңызды фактор. Осы орайда алдағы уақытта вакцина мен иммунитет індеттің таралуына тосқауыл бола алады», - деді дәрігер.

Бұл ретте ол әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска тағу мен гигиена талаптарын орындауға ерекше мән беру керек екенін атап өтті.

«Менің ойымша, Қазақстанда індеттің жаңа толқыны жеңілдеу болады, өйткені маусым мен шілде айлары кезеңінде адамдардың көбісі ауырды. Статистика бойынша 106 мың адам ауырды. Меніңше, бұл көрсеткіш 10 есе артық болуы мүмкін, тұрғындардың көбісі үйінде ем-дом қабылдады. Оларға қатысты диагностика жасалмады әрі анализ де тапсырмады. Әрине, біз қазір маусымдық тұмауға қарсы вакцина ектіруіміз керек. Ахуал екі жағдайда түзелуі мүмкін. Біріншіден, сапалы вакцина арқылы, оны алдағы жылдың басында алуымыз ықтимал. Екіншіден, иммунитет мүмкіндігімен тежеуге болады, алайда бұл процесс ұзаққа созылады. Алдағы жылдың жаз айларына қарай қалыптасуы мүмкін», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар