Коронавирустың жаңа нұсқасы мамырда өршуі мүмкін - мамандар

None
Фото: tass.ru
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коронавирустың «арктур» деп аталған жаңа нұсқасы өте жұқпалы және бұрын қалыптасқан иммунитетті айналып өтуге қабілетті. Бұл туралы Ресейдің «Роспотребнадзор» мекемесінің басшысы Анна Попова мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат ресейлік ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Вирустың бұл түрі алдындағыларға қарағанда тез жұғады. Кез келген кішкентай жанасу инфекция түсіп, аурудың дамуына ықпал етеді. Біз бұл вирусты әлі де зерттеп жатырмыз, бірақ шетелдік ғалымдардың пікірінше, ол бұрын қалыптасқан иммунитетті айналып өтуі мүмкін», - деді Попова.

Оның айтуынша, ауру тұмау сияқты өтеді, науқасты ауруханаға жатқызу қажет болмауы да мүмкін.

Роспотребнадзор басшысының айтуынша, оның бөлімшесі мамыр айының соңында COVID-19 нұсқасы «арктурдың» өршу қаупін болжап отыр.

«Денсаулық сақтау жүйесі шамадан тыс жүктемелерге дайын. Біз мамыр айының соңына қарай аурудың одан әрі өршу қаупін көріп отырмыз. Енді демалыс басталады, барлығы жиналады және бұл вирус сонда өршуі әбден мүмкін», - деді Попова.

Оның айтуынша, қазір Ресейде коронавирустың «арктур» нұсқасын жұқтырудың төрт жағдайы расталды.

«Омикронның» жаңа мутациясы болып табылатын «арктур» қазіргі кезде Үндістанда жиі кездеседі, деп атап өтті Роспотребнадзор басшысы.

Осыған дейін Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы анықталғанын жаздық.


Соңғы жаңалықтар