Коронавирустың инкубациялық кезеңі 24 күнге жетуі мүмкін – зерттеу

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Жаңа коронавирустың инкубациялық кезеңі екі апта емес, 24 күнге созылуы мүмкін.

Мұндай тұжырым белгілі эпидемиолог Чжун Наньшань бастаған ҚХР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің сараптау комиссиясы жүргізген зерттеу нәтижесінде жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі medRxiv медициналық серверіне сілтеме жасап.

Зерттеу осы жылдың 1-29 қаңтары аралығында ҚХР-дың 31 әкімшілік-аумақтық бөліміндегі 552 ауруханада жаңа коронавирус инфекциясын жұқтырған 1000-нан астам науқасқа жүргізілген. Оның барысында орташа инкубациялық кезең үш күнге жалғасатыны анықталды, ең көбі 24 күнге жетуі мүмкін.

Бұл ретте 1099 науқастың тек 1,18%-ы жабайы табиғатпен тікелей байланыста болған.

Олардың үштен бір бөлігі Ухань қаласында (Хубэй провинциясы, Орталық Қытай) болған, ал 71,8% Уханьнан, эпидемия ошағынан келген адамдармен байланысқан. Бұл - коронавирустың адамнан адамға берілуінің тағы бір дәлелі. Алынған нәтижелер бойынша, коронавирус өзінің отбасы мүшелерінен жиі жұғатыны расталды.

Зерттеу көптеген басқа адамдарға қарағанда аса үлкен көлемде инфекция беретін «супер таратушылардың» болуын жоққа шығармайды. Мұндай тарату жолы жаңа коронавирустың тез таралуына ықпал етуі мүмкін.

Қытай дәрігерлері коронавирус тек ауа-тамшы жолымен және тығыз байланыс арқылы ғана емес, нәжіс арқылы берілетінін де анықтады.

Бұл ретте коронавирусты диагностикалау әдісінде көптеген ауру жұқтырғандардың анықталмай қалуына әкелуі мүмкін ақаулар болуы мүмкін, делінген зерттеу жұмысында.

Зерттеуде медициналық қызметкерлердің де ауру жұқтырып жатқаны айтылған. Медперсоналдың жаңа коронавирусқа шалдығу коэффициенті 1099 науқастың арасында 2,09%-ды құрады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Женевада 11-12 ақпанда коронавирусқа қарсы күреске күш-жігерді жұмылдыру мақсатында зерттеулер мен инновациялар бойынша жаһандық форумға шақыруда.

Форумға жетекші ғалымдар, денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері мен медицина қызметкерлері жиналады. Пікірталас барысында вирусты диагностикалау, алдын алу және емдеу әдістері, сондай-ақ вакциналарды әзірлеу талқыланады.

Автор: Тимур Дүйсекеев


Соңғы жаңалықтар