Коронавирустың екінші толқыны Қазақстанға қатты әсер етеді деп ойламаймын - Швейцариядағы қандас дәрігермен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Гиппократ антына адал, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын аға буын дәрігерлердің еңбек жолы кейінгі жастарға үлгі болады. Осындай халықаралық деңгейдегі білікті маман, атажұрттан алыста дәрігерлік қызметті абыроймен атқарып жүрген «Еуропа қазақ дәрігерлері қауымдастығының» жетекшісі, Швейцарияның Берн қаласындағы дәрігерлер даярлайтын институттың ұстазы қандасымыз Серік Тұрсынмен журналист Еркін Байғабылұлының эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Қазақ елінің қай өңірінің тумасы болдыңыз? Өзіңіз туған әулет жайлы айтып өтсеңіз?

- Мен қазіргі Павлодар облысы Екібастұз қаласы Екібастұз ауылдық округінің Төртүй ауылында туғанмын. Атамыз ұста, қолы шебер адам болыпты. 1937-1938 жылдары НКВД «Халық жауы» деп ату жазасына кеседі. Атамыздан екі ұл қалған. Үлкені Қуандық, кішісі Тәжен. Атамыздың кіші ұлы Тәженнен 7 ұрпақ тараймыз. Анамның есімі Роза. Шешемнің әкесі (нағашы атам) орта қуатты шаруа адамы болыпты. Нағашы атамызды НКВД «Халық жауы» деп 1937-1938 жылдары он жылға Сібірге айдатқан. Кейіннен 1949-1950 жылдары ауылға қайтып оралады. Нағашы атам кейіннен мен дүниеге келген жылы өмірден өтіпті.

- Қазір Еуропа төрінде дәрігерсіз. Осы қызметтегі жүріп өткен жолыңыз жайында айтсаңыз...

- Мен 1988 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы мединститутты бітірдім. Содан кейін Павлодар облысы, Екібастұз қаласындағы ауруханаға интернатурадан өтуге бардым. Интернатурадан кейін мені Бәйет совхозындағы амбулаторияға дәрігер етіп жіберді. Сонда еңбек жолымды бастадым. Арада екі жыл өткесін Екібастұз қаласына оралып, №2 жылу электр станциясына қарасты емханада екі жыл жұмыс істедім. Екібастұзда терапияның екі үлкен корпусы ашылатын болып, маған осы корпус ішінен терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынды. Басшылар күткен үміттің үдесінен шығып, бұл қызметті абыроймен атқардым. Екібастұз қаласында тұңғыш рет реанимация бөлімінің іргесін қаладық. Біз мұнда ең ауыр науқастарды емдедік. Қазақстанда алты жылдай жұмыс істегеннен кейін Германияға қоныс аудардым. Ол жақта жеке дәрігер болу үшін кемі алты жыл еңбек өтілі талап етіледі екен. Мен Қазақстанда алты жыл жұмыс істеп келгенімді жеткіздім. Бірақ интернатурадан кейін маған бір немесе бір жарым жыл тәжірибеден өту қажет деді. Тәжірибеден өткеннен кейін Германияның Денсаулық сақтау министрлігі дипломға сәйкес дәрігер бола алады деген анықтама құжат беретін болды.

Тәжірибеден тегін өтеміз, ақы төленбейді. Бір ауруханада таңғы сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін тәжірибеден өтіп, 24 шақырым жердегі келесі ауруханада қосымша сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеп жалақы алдым. Бір жылдық тәжірибеден кейін дәрігер ретінде дипломымды дәлелдеп шықтым. Менің Қазақстанда алты жыл жұмыс істеген еңбек өтілім үш жыл деп есепке алынды. Германияда екі жыл дәрігер болып қызмет етіп, емтиханды сәтті тапсырдым. Сол елде жеке клиника ашып, 10 жыл жұмыс атқардым. 2010 жылы Швейцарияға қоныс аудардым. Еуропада адам өз ісінің маманы болса, кедергі жоқ. Құжаттарыңызды қажетті мекемеге өткізіп, жұмыс істей бересіз. Бұл елде де шағын жеке клиника аштым, онда зертхана, УДЗ, ЭКГ аппараттары бар және өз дәріханамда дәрі де сатамын. Мен Қазақстанда да жалпы осындай ауруханалар болса деп армандаймын.

Халық дәрігерге сенім артып келеді, егер дәрігердің біліктілігі жетпесе, науқастар екінші рет оған бармайтын болады. Сол үшін дәрігер әр келген науқастың дертіне дауа болып, кәсіби шеберлігін күн сайын шыңдай түсуі керек.

- Сіздің Швейцариядағы клиникаңызға қанша адам ем қабылдауға жүгінеді?

- Мен жаңа өзім атап өткендей, әр науқасқа толыққанды дәрігерлік кеңес, қажетті дәрі-дәрмек пен тиісті емдеу шараларын жасаймын. Менің клиникамда үш мыңға жуық адам ем алады. Сонымен қатар жақын жердегі техникумда оқитын 1 800 студент маған қаралады. Қосымша қарттар үйіне қызмет жасаймыз. Ондағы егде жастағы 40 ата-әженің 20-сы менің қадағалауымда. Бұған қоса оқ атып жаттығатын орталықта да дәрігер болып жұмыс атқарамын. Арасында бос уақытым болса, өзім де осы орталыққа автоматпен оқ атуға барып тұрамын. Жалпы бұл орталықта менің қабылдауыма бес мыңға жуық науқас келеді. Олар өз денсаулығын маған сеніп тапсырады. Мен әр науқасқа кәсіби маман ретінде көмек көрсетуім керек.

- Маман ретінде әлемге таралған жұқпалы індетке қатысты не айтар едіңіз? Коронавирусты жеңуге бола ма?

- Қазақстанда бұл індетті тоқтату үшін қарапайым үш шартты орындау керек. Біріншіден, маска тағып жүру. Екіншіден, халық 1,5-2 метр арақашықтықты сақтауы қажет. Үшінші әр адам гигиенаны сақтауы керек, қолды дезинфекциялап, сабынмен жиі жууы тиіс. Егер Қазақстандағы бүкіл халық осы үш әрекетті берік сақтайтын болса, індетті жеңуге болады.

Айта кетейін дегенім, экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша Қазақстан халқының 49 пайызы жекеменшік ауруханаларда ем алады. Бұл екі адамның бірі жекеменшік ауруханаға барып ем алады дегенді білдіреді ғой. Індет жағдайында мемлекеттік ауруханалар ғана қарқынды жұмыс істеп, кейбір жекеменшік ауруханалар жабық тұрды. Ал мемлекеттік немесе жекеменшік ауруханада болсын барлығында отандық медициналық жоғары және орта білімді оқу ордаларын бітірген мамандар жұмыс істейді. Барлығының қолында дипломы бар және істейтін жұмыстары да бірдей. Барлық денсаулық сақтау ұйымдары бірлесе отырып жұмыс істегені дұрыс дер едім. Сонда ғана дәрігер мен ауруханадағы орын тапшылығын шешуге болар еді.

Жаңа тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингте тамыздың бірінен бастап COVID-19 бен пневмонияны қосып айтатынын жеткізді. Әлемге таралған ковид, пневмонияны анықтаудың бірден-бір жолы КТ-ға түсіру. Осы әдіс арқылы ауруды 100 пайыз анықтауға болады.

Өткен жылы маған Денсаулық сақтау министрлігі елдегі УЗИ апараттарында жұмыс істейтін мамандарды оқыту және біліктілігін аттыру бойынша ұсыныс жасаған еді. Мен өз тарапымнан жобамды ұсындым. Кейіннен басшылық қызметтегі азаматтар алмасып, бұл жоба аяқсыз қалды. Қазіргідей дерт дендеп енген уақытта маман тапшылығы байқалып жатқаны жасырын емес. Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайын екенімді жеткізгім келеді.

- Ата жұрттан алыста жүрсеңіздер де «Еуропадағы қазақ дәрігерлерінің өауымдастығын» құрып, өзіңіз жетекшілік етеді екенсіз. Аталған бірлестік жайында тарқатып айтсаңыз?

- 2019 жылы Қазақстаннан шыққан немесе Еуропада тұрып жатқан ұлты қазақ дәрігерлердің басын қосып, «Қазақ дәрігерлерінің қауымдастығын» құрдық. Дәрігерлердің маманданған саласы мен тұратын мемлекеттерін атап өтейін. Швецияның Стокгольм қаласында ерлі-зайыпты Алма және Дулат Сергелстам жұмыс атқарады. Алма - клиникада терапевт, Дулат - омыртқа-жұлынға ота жасайтын хирург дәрігер. Одан кейін Гүлім Мырзаханова Норвегияның Осло медициналық университетінде 20 жылдан бері гинеколог болып жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қызы да сонда оқиды деп естідім. Гүлім докторлық жұмысын қорғауға дайындалып жатыр. Қазақстанмен бірнеше жобаларды да жүзеге асыруда. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында ана мен бала өлімін азайтуға арналған жиын өтбекші еді, пандемияға байланысты кейінге қалдырылды.

Германияда Моңғолиядан келген қандасымыз Назым Сақай кардиология бөлімінде жұмыс істейді. Назым қытай медицинасымен науқастарды емдеу бойынша академияда сабақ береді. Германияда Серік Иманбаев Duisburg-Essen университетінде реаниматолог болып жұмыс істейді. Чехияда Шолпан Искакова терапевт, Лаура Нажмедова фармаколог-провизор мамандықтарын игерген дәрігерлер ассоциация мүшелігіне енген. Елтай Рахманов - Польшада медициналық университетте сабақ беріп, ғылыми жұмысын Италияда жалғастырған доктор атағы бар білікті маман. Қазіргі уақытта екі айдан бері атажұрттағы Назарбаев университетінде жұмыс істеп жатыр. Бізбен ұдайы байланысқа шығып тұрады. Эльвира Шульц Швейцарияда қызметте, ғылым докторы, Алматы қаласынан келген. «Қазақ дәрігерлері қауымдастығына» басшылық қызметінің бір тізгінін ұстайды. Жалпы ассоциацияның құрамына он бес адам кіреді, олардың бесеуінің доктор ғылыми атағы бар. Осындағы маман дәрігерлер университеттерде студенттермен жұмыс істейді, мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларда қызмет атқарады.


- Әлемнің әр түкпірінде қазақтардың басын қосатын қауымдастықтар жұмыс істейді. Швейцарияда қазақ қауымдастығының жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?

- Швейцарияда қазақ қауымдастығы бұрыннан бар. Қауымдастықтың атауы - «Керуен». Биылғы жылы қауымдастықтың басшылық қызметіне жастарды сайладық және барлық ұйымдастыру жұмыстарын жаңа буын жастардың қолына бердік. Олар: Руслан, Сәуле, Нұргүл есімді іні қарындастарымыз. Барлығы отбасылы, бала-шағасы бар, осында әр салада қызмет атқарады. Қазақ қауымдастығы Швейцариядағы Қазақстан елшілігімен тығыз жұмыс істейді. Арасында онлайн конференция-жиындар өткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта қауымдастық қолға алып жатқан жұмыс, атажұрттағы бауырларымызға гуманитарлық көмек жіберу. Швейцариядағы қазақтар атынан қаражаттың басын біріктіріп, жинадық. Алғашқы көмегімізді Түркиядағы бауырларымызға қосып, жібердік. Енді қалған қомакты бөлігін жіберуді күнделікті қауымдастық басшыларымен талқылаудамыз. Елші мыразамен байлынысқа шықтық, бізге көмек көрсетілетінін жеткізді. Бұйырса, алдағы уақытта Қазақстанға Швейцария қазақтарының атынан гуманитарлық көмек жеткізіледі.

- Дамыған елдердегі реформалар мен жобаларды Қазақстан да жүзеге асыра бастады. Еуропада, Швейцарияда медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы қалай жүргізіледі?

- Қазақстан өзіне үлгі етіп Швейцария мен Германияның үлгісін алған. Атап өтер болсам, Швейцарияда әр адам қорға 750 еуро ақшасын аударады. Балалар 50 пайыз, ересектер 100 пайыз. Ал кейбір денсаулығы жақсы азаматтар қажетті жарнаның 50 пайызын береді де, қалған соманы өзіне қалдырады. Ал Германияда айлық табысының 7,5 пайызын береді. Балалар 18 жасқа келгенше ата-анасының сақтандыруы арқылы ем ала алады. Жұмыс істемейтін адамдардың емделу қаражатын әлеуметтік көмек көрсету ұйымдары төлейді. Зейнет жасына толған азаматтар да зейнетақысының 7,5 пайызын төлейді. Медициналық сақтандыру қоры бар мемлекеттердің барлығында азаматтар өз қалталарынан ақша төлемейді. Сақтандыру медицинасы бар жерде бюджет те бар. Сақтандыру бүкіл медицинаға қажетті қаражатты көтере алмайды.

Сондықтан бюджеттен ақша төленеді. Германия, Франция, Швейцария секілді дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнің 10-11 пайызын құрайды. Барлық қаржы медициналық сақтандыру қорына беріледі. Жұмсалатын қаражат пайыздарға бөлініп, әр тарапқа бөліп беріледі. Медициналық сақтандыру қорының шығындарына (жалақы, үй, көлік, кеңсе және тағы басқа) 3 пайыз, амбулаторияда емделушілерге 25 пайыз, стационарда емделушілерге 25 пайыз, дәрі-дәрмекке 17 пайыз, медициналық оңалтулар (қарттар үйі, үйінде аурып жатқан науқастарды қарау және тағы басқа) жұмсалады.

Адамдардың 80 пайызы амбулаторияда, 20 пайызы стационарда ем қабылдайды. Стационарда ем алу, амбулаторияға қарағанда 4 есе қымбатқа түседі. Қазақстандағы денсаулық ұйымдарында тариф бірдей болуы шарт. Қала мен ауылда жасалған ЭКГ-ге бірдей қаражат төленуі керек. Елдегі әр дәрігер медициналық сақтандыру қорының алдына бірдей есеп ұсынып отырса, жүйе бухгалтерлік есеп тәрізді жүргізілетін болады.

Қалай дәрігерлердің қызмет өтеу сапасын тексеруге болады? Ең бастысы, дәрігерлер де адам, сол үшін дұрыс есептеу жүйесін алдына қою қажет. Әр тарифті уақытпен есептеу керек. Дәрігер ең көп болғанда 12 сағат жұмыс істейді. Істеген жұмысына қарай дәрігерлерге жалақы төленеді. Дәрігерлерге әр он күн сайын, айына үш мәрте ақша жіберіліп отырса, қадағалаушы мекемелер де барлығын уақытылы біліп отырады. Сонда дәрігерлер арасында емдеу сомасының бірі артық, бірі кем есептелмейтін болады.

- Уақытылы жасалған шұғыл шаралардың нәтижесінде бастапқы кезеңдегідей емес, COVID-19 таралу қарқыны азайды. Мамандар пікірі бойынша енді аурудың екінші толқыны келуі мүмкін деген болжамдар айтылуда. Сіз бұған не айтасыз?

- Егер мысалға Швейцарияны алатын болсақ, бізге наурыз және сәуір айларында ауру өте қатты әсер етті. Швейцарияның аумағы Қарағанды облысындай ғой. Елде 8 миллион адам тұрады. 1 шаршы шақырым жерге 238 адамнан келеді. Орта есеппен күніне мың адамға ауру жұқты. 6 жұмадай жағдай қиын болды. Одан кейін ахуал жақсарды. 35 мың адам ауырып, 1 700 адам қайтыс болды.

Вирустың екінші толқыны таралады деген ақпарат дүниежүзі бойынша талқыланып жатыр. Келеді деген ой барлығында бар. Өйткені аурудың таралуын болдырмау үшін карантин режимі енгізілуі қажет. Қазір әр салада барлық жерде жұмыс тоқтап тұр. Адамдар үйден жұмыс істеп жатыр. Адамдар арасындағы қарым-қатынас азайып, індеттің таралуы азайды. Егер адамдар арасындағы қарым-қатынас жиілейтін болса, ауру жылдам тарайтын болады. Халықтан 80 пайызынан симптомсыз ауру белгілері байқалады деген ақпарат бар. Жұқпалы аурудың екінші толқыны қазіргідей деңгейде таралады дегенге сенбеймін. Өткен екі айда Қазақстандағы жағдай өте қиын болды. Ендігі бар мәселе Қазақстанның статистикасында болып отыр. Жаңа тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырза бірінші тамыздан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген код арқылы науқастарды тіркейтінін және осыған орай жаңа статистика жарияланатынын мәлім етті.

Статистиканы нақты білмесек қана аурудың екінші толқынынан қорқу керек. Шыққан қорытынды арқылы екінші толқынның болатын немесе болмайтынын шамалап болжауға болады. Сондықтан аурудың екінші толқыны Қазақстанға қатты әсер етеді деп ойламаймын.

Халық арақашықтық сақтауды, маска тағуды, қолды жуып, дезинфекция жасауды үйренді. Мемлекет шекарасы жабық болуы және жиын-тойлар өткізілмеуі қажет. Мешіттер мен шіркеулерде діни рәсімдер өткізуге адамдар жиналмауы керек. Карантин режиміне сай барлық талаптар мен шектеулер азаматтардың құқығын бұзбай орындалса, адам өз қателігін түсінеді. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында карантин талаптары сақталуы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар