Коронавирустың беті қайтты, бірақ еркінсуге болмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар санының күрт артып кетуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен шілде айының 5-інде шектеу шаралары 2 аптаға қатаңдатылып, барлық өңірде қоғамдық көліктердің, қалааралық автобустардың, қаламаңы пойыздарының қозғалысы тоқтап, бірқатар жолаушылар пойызы кестесі қысқартылған еді.

Нәтиже де көп күттірген жоқ. Сол айдың соңына қарай елімізде індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендеп, бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтанды. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайды. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өсті. Дегенмен, мұндай көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес болатын. Сондықтан шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған-ды.

4 апталық қатаңдатылған карантин: Нәтиже қандай?

Ал бүгін 4 аптаға созылған қатаңдатылған карантин шараларының нәтижелері Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен онлайн режимде өткен Үкімет отырысында қаралды. Министрлер кабинетінің отырысында аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың дерегінше, 3 тамызға дейін 93 820 науқас тіркеліп, оның 27 597-сі ем алып жатыр. 55 132 адам емделіп шығып, 1 091 адам қайтыс болды. Жалпы республика бойынша өткен аптамен салыстырғанда тіркелген жағдайлардың 18 пайызға төмендегені байқалады. 4 апталық карантин кезінде төсек-орынның босауы 56 пайызға жетті. Оның ішінде реанимациялық төсек-орындар 36 пайызға қысқарды. Жазылып шыққандар саны 69,4 пайызға артты. Жедел жәрдем шақыру, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыртулар 40 пайызға азайды. Вирустың репродуктивтік көрсеткіші 24 пайызға, яғни, 1,2-ден 0,89-ға дейін төмендеді.

«Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді. Қатаң шектеу шараларын енгізгенге дейін репродуктивтік көрсеткіші 1,2 болған еді. Карантин енгізілген соң 2 аптадан кейін репродуктивтік көрсеткіштің тұрақты түрде төмендеу үрдісін байқап отырмыз», - деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, 23 шілдеден бастап инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келе жатыр. Бұл көрсеткіш 4 тамызда 0,89-ға дейін қысқарды. Бұл ретте эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда аталған көрсеткіштің 1-ден төмен болғаны маңызды екенін атап өткен орынды. Мұндай көрсеткішке Ақмола мен Қостанай облыстарынан басқа барлық өңір қол жеткізіп отыр.

Айта кетерлігі, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша аймақтық бюросымен бірқатар техникалық консультациялар өткізгеннен кейін аурулардың халықаралық жіктелуінің кодтарына сәйкес COVID-19 жағдайларын жаңаша кодтауға және есепке алуға көшкен болатын. Яғни, 1 тамыздан бастап зертханалық расталған COVID-19 жағдайлары, соның ішінде ПТР теріс нәтижесі бар пневмония жағдайлары біріктірілген еді. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айының алғашқы 10 күнінің деректері негізінде репродуктивтік көрсеткішіне қайтадан есептеу жүргізетін болады.

Маска тағу дағдыға айналуы керек

Бүгінде маска тағу тек қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының күнделікті дағдысына айналғаны рас. Өйткені, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, маска тағудың мультипликативтік әсері 1 айдан кейін вирустың репродуктивтілік деңгейін 4 есе төмендетеді екен. Мәселен, маска тағып жүрген адамның вирусты өзге адамдарға жұқтыру тәуекелі 30 пайызға төмен болады. Яғни, оның бір ай ішіндегі вирус жұқтыру көрсеткіші 300-ден 85 адамға дейін қысқарады.

Сондықтан өзіңізді вирустан қорғап, жақыныңызға жанашырлық танытамын десеңіз көшеге шыққанда, қоғамдық орындарға барғанда, қоғамдық көлікпен қатынағанда, ашық аспан аясындағы қоғамдық орындарда маска таққаныңыз жөн. Бұл міндетті де. Ал 5 жасқа дейінгі балаларға, әлеуметтік ара қашықтық сақталған жағдайда 5 адамға дейін спортпен топтық және жеке айналысқан тұлғаларға, денсаулығына байланысты таға алмайтын тұлғаларға маска тақпауға болады. Сонымен қатар даладағы қоғамдық тамақтану орындарында әлеуметтік ара қашықтық сақталған кезде маска тақпауға рұқсат етіледі.

«Маска тағу қоғамда пайдалы дағдыға айналуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде бұл уақытша болса да аса қажет болып отыр. Осылайша, міндетті маска режимін қамтамасыз ету аурудың таралу қарқынын төмендету үшін қосымша факторға айналады. Өйткені, маска таққан кезде халық арасында инфекцияның таралуы қысқарады. Санитарлық талаптардың күшейтілуінің арқасында соңғы 4 аптада барлық өңірде халықтың ауруға шалдығу деңгейінің айтарлықтай төмендегенін атап өткім келеді. Орташа есеппен алғанда ел бойынша ауруға шалдығу 1,5 есеге жуық төмендеді», - деді Алексей Цой.

Қай өңірде инфекцияның репродуктивтік деңгейі жоғары?

Үкімет отырысында коронавирус инфекциясының алдын алу мәселелеріне қатысты деректерді қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, жалпы, елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатыр. Коронавирус инфекциясы тіркелген жағдайлардың тәуліктік өсуі 1,2 пайыздан аспайды. Қазіргі уақытта емделіп шыққан адамдар барлық ауру жұқтырғандардың 69,4 пайызын құрайды, қалған науқастар қажетті медициналық көмек алуда. Ауруханалардың жүктемесі 36 пайызға дейін төмендеді.

«Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, аптаның қорытындысы бойынша, инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден төмен келесі облыстарды атап өтуге болады. Бұл - Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары. Сонымен қатар, инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден жоғары келесі өңірлерде тіркелген. Бұл – Қостанай мен Ақмола облыстары», - деді Үкімет басшысы.

Осы ретте Асқар Мамин аталған облыстарда жағдай күрделі екенін және осы өңірлердің әкімдері эпидемияға қарсы шараларды күшейтуге аса назар аударулары қажеттігін баса айтты.

«Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жөніндегі қарқынды жұмысты, оның ішінде санитариялық нормаларды, маска тағу режимін сақтау туралы түсіндіру науқанын жалғастыру керек. Қазіргі таңда, әлемдік статистика 126 мемлекетте ауру жұқтырғандар санының жаңа өсімін көрсетіп отыр. Пандемияның жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін және оған дайын болуымыз керек. Әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенің іске асыру қажет», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар