Коронавирусты бірнеше рет жұқтырғандар бар – дәрігер

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирус инфекциясының түрлі штамдарын бірнеше рет жұқтыру жағдайлары тіркелді. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты инфекционист-дәрігер Бақыт Көшерова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вирусты қайталап жұқтыру жағдайлары көп кездеседі. Бұл SARS-CoV-2 әртүрлі штамдарының, соның ішінде бір штамның түрлі нұсқаларын, мысалы «омикронның» BA.1, BA.2., BA.3, ВА.4 түрлерін бірнеше рет жұқтырумен байланысты», - деді Бақыт Көшерова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Дәрігер инкубация кезеңінде айналадағы адамдарға вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін айтты.

«КВИ науқастарының 95%-дан астамы үйде емделеді – бұл Covid-19 симптомы жоқ немесе ауру жеңіл өтетін адамдар. Амбулаториялық емдеу кезінде жағдайы жеңіл және орташа науқастарға көп қозғалу, көп сусын ішу, дене қызуы мен жүрек соғысын, тыныс алу мен сатурацияны бақылауға кеңес беріледі», - деді дәрігер.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисі Динагүл Баешева балаларды вакциналау жасын төмендету талқыланып жатқанын айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар