Коронавирустан жазылғандар арасында оңалтудан өткендер неліктен аз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ғиният Ажар Орталық коммуикациялар қызметінде өткен брифингіде коронавирустан жазылған азаматтардың арасында оңалту қызметін алғандар неліктен аз екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус әр адамда әрқалай өтеді. Ауыр түрімен ауырғандар бар. Ондай адамдар асқынулары мен симптомдарын айтып, учаскелік дәрігерлерге көп жүгініп жатыр. Учаскелік дәрігерлер министрліктің тиісті бұйрығы бойынша науқастың сатурациясын, өкпесінде болған өзгерістерді, басқа да ағзаларға қаншалықты әсер еткенін тексеру керек. Сол тексерістерге қарап, оңалту шараларын амбулаторлық немесе стационарлық деңгейде алу керектігін анықтайды.

Министрліктің бұйрығында аурудан жазылып шыққан адамның ағзасында қандай өзгерістер болған кезде қайда жіберілетіні толық жазылған. Бүгінгі таңда 16 мыңнан астам адам оңалтудан өтті. Қаражат қарастырылған. Оңалтудан өтемін деген адамдарға бүгінде ешқандай кедергі жоқ», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол елдегі көпбейінді ауруханалардың вируспен күреске жаппай тартылуы әсерінен, жазылған науқастарды оңалту шараларына атсалыса алмағынын еске салды.

«Иә, 16 мың деген жазылып шыққан адамдарға қарағанда аз болуы мүмкін. Қазіргі таңда оңалтумен көпбейінді ауруханалар, кейбір санаторийлер айналысып жатыр. Олар жергілікті қордың филиалымен келісімшартқа отырып, оңалту шараларын өткізеді. Кейінгі 3 айдың ішінде коронавирустың үлкен толқыны болғанын білесіздер. Көпбейінді ауруханалардың көбі шұғыл медициналық көмекке жұмылдырылғандықтан, көп адамды оңалтумен қамти алмады», - деді Ажар Ғинаят.

Ал Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шорановтың айтуынша, коронавирустан оңалту шараларына тартылған адамдардың саны 16 мыңнан көп.

«16 мың дегенде, «ковид пневмониясын» өткергендер көбінесе стационарда оңалтудан өтті. Бұдан бөлек амбулаторлық немесе санаторий-курорттық оңалту бар. Мысалы, тыныс алу гимнастикасы мен таза ауада дем алу да оңалту шарасында ұсынылған. Емханалар мен амбулаторлық деңгейде жасалатын шаралар бар. Сондай-ақ, үшінші кезеңде, яғни оңалту ұйымдарының деңгейінде жасалатын шаралар бар. Оңалтудың бірінші кезеңі емделіп жатқан кезде-ақ жүргізіледі. 16 мың деп отырғанымыз осы бірнеше деңгейдің бір түрі ғана», - деді министрдің бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар