Коронавирустан кейін зиянды әдеттерден аулақ болған жөн – дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциямен ауыратын науқастарда әлсіздік, вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуы және көптеген дәрі-дәрмектерді қабылдаудан бауырға, бүйрекке, асқазан-ішек жолына теріс салдар байқалуы мүмкін.

Бұл туралы «МедЛайн» медициналық орталығының пульмонолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Константин Гаркалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, одан да басқа асқынулар болуы мүмкін. Коронавируспен ауырғаннан кейін жоғары қан қысымынан, үлкен физикалық күш жұмсаудан, жылыту процедураларынан аулақ болу керек, шектен тыс тамақтануға, ас қорыту органдарына ауырлық түсіруге болмайды, алкоголь мен темекіні қайтадан қарқынды тұтынуға болмайды.

«Маска режимін міндетті түрде сақтау керек, тұтас ағза әлсіреген кезде басқа да респираторлық вирустық инфекция жұқтыру мүмкіндігін азайту үшін адам көп жиналатын жерлерге бармау керек. Жеткілікті демалыс және ұйқы адам ағзасы үшін едәуір пайдалы болады. Сонымен қатар, белсенді өмір салтын ұстану, физикалық белсенділікті арттыру, қанық ұйқы мен дұрыс тамақтану және жақсы көңіл-күй қажет. Көңіл-күйі түсетін адамдар, бір орында көп отыратындар, артық тамақтанатындар, созылмалы түрде ұйқысы қанбайтын және жағымсыз жаңалықтарды көп тыңдайтын тұрғындар жиі ауыратын болады», - деп атап өтті дәрігер.

Константин Гаркалов халықтық ем-дом құралдардың тиімсіздігін уақыттың өзі көрсеткенін атап өтті. Пияз, желкек, сарымсақ, зімбір жеу, қымыз бен саумал ішу коронавирустан емдеп шығармайды.

«Аталған барлық өнімдердің қабынуға қарсы қасиеті бар, құрамында тек вирустық инфекциялар үшін емес, ағзаға пайдалы көптеген дәрумендер, микроэлементтер бар. Бұл құралдар зат алмасуды жақсартады, бірқатар дене жүйелерінің жұмысын күшейтеді. Жалпы, ағзаның инфекцияларға төзімділігін арттырады», - деп атап өтті дәрігер.

Сонымен қатар, пульмонолог коронавируспен күресу үшін дәрі-дәрмектерді қолдану жөнінде бірқатар даулы мәселелер бар екенін атап өтті.

«Тағайындаусыз ешқандай дәріні қабылдауға болмайды. Температура 38,5 градустан жоғары болған кезде ғана қызуды түсіретін «Парацетамол», «Ибупрофен» препараттарын қолдануға болады, сұйықтықты көп ішу керек. Сондай-ақ, науқастар созылмалы аурулары үшін, мәселен артериялық гипертензия немесе қант диабеті, демікпе болса – бұрын тағайындалған препараттарды қабылдауды жалғастыруы қажет. Барлық басқа препараттарды клиникалық хаттамада бар ұсыныстарға сүйене отырып, ауру ағымының жай-күйі мен ауырлық дәрежесіне қарай дәрігер тағайындауы тиіс», - дейді Константин Гаркалов.

Бұған дейін Константин Гаркалов коронавирустың суыққа қалай әсер ететінін түсіндірді және COVID-19 келесі толқынының қалай өтетіні туралы пікірін білдірді.

«Енді шілде айындағыдай жұқтыру саны көп болмайды деп ойлаймын. Әрине, коронавирус инфекциясы ешқайда кетпеді, әлі ауырмаған адамдар бар. Бірақ маусым-шілде айларында болған екінші толқын енді болмайды деп ойлаймын. Бірінші толқынның тәжірибесі бар және денсаулық сақтау жүйесі тыңғылықты дайындалды. Екіншіден, қазір халық вирустың қаупін бұрынғыдан да жақсы түсінеді және сақтану шараларын жасайды. Үшіншіден, қазір жазда ауырмағандар ауыруы мүмкін. Ал көпшілігі жазда ауырып қойған еді», - дейді пульмонолог.

Сонымен бірге, дәрігер коронавируспен қайта ауыру жағдайларын мұқият зерттеп, дәлелдеу қажеттігін айтты.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты қайта жұқтыру жағдайын ресми растаған жоқ. Бірақ ДДҰ жанынан осы жағдайларды зерттейтін ғалымдардың арнайы тобы құрылды. Қытайдағы бір пациентте ПТР сынамасы үш ай бойы оң нәтиже көрсетіп келді. Оған әр апта сайын зерттеу жүргізілді. Мұнда шырышты қабатта қалған вирус бөліктері тестке реакция жасады деген дәлелдер бар. Негізі науқас клиникалық түрде жазылған, бірақ ПТР тесті оң нәтиже көрсете берген. Бұл өте қиын мәселе, мұнда жұқтырудың шынымен қайталанғанын дәлелдеу керек. Ұлыбритания ғалымдарының иммунитет бір жылға, тіпті кейбір адамдарда үш жылға созылуы керек деген зерттеулері бар. Егер антиденелер болса, олар жұмыс істеуі керек», - дейді маман.

Сонда да дәрігер қарапайым вирустан қорғану жолдарын ұстануға шақырды.

«Әрине, қорғаныс құралдарын пайдалану керек. Маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз, қолыңызды сабынмен жиі және мұқият жуыңыз. Жақсы ұйқы, таза ауада серуендеу, жақсы көңіл-күй иммунитеттің күшеюіне ықпал етеді», - деп толықтырды Константин Гаркалов.


Соңғы жаңалықтар