Коронавирустан кейін тыныс алу гимнастикасының әсері қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыған дейін ғалымдар ЖРВИ-дің таралуы салдарынан коронавирус бойынша ахуал қиындауы мүмкін екенін егжей-тегжейлі түсіндірген еді. Бұл тұрғыда ахуалды ушықтырмауы үшін әр адам өз үлесін қосуы керек, өзінің әрі жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қараған жөн.

Астана медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті, PhD докторы Баян Турдалинаның айтуынша, бұған дейін еліміздегі карантиндік, оқшаулану шешімдері ең маңызды қадамдардың бірі болды. Сондықтан мүмкіндігінше отбасылық мерекелер, той-томалақтарды шектеген дұрыс. Бұл шара арқылы біз егде тартқан адамдардың, қауіп тобындағы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаймыз. Екіншіден, жеке гигиеналық талаптарды қатаң сақтау қажет. Бұл кез келген инфекциялық аурудың алдын алу жолы саналады. Жеке гигиеналық талаптар әр азаматтың өмір сүру салтының бір бөлігіне айналғаны анық. Соны одан ары қарай ұстана беруіміз қажет. Қолды кемінде 20 секунд сабынмен жуу, көп адам шоғырланған жерде маска тағу, антибактериалды ерітінділермен қолды жиі өңдеп отыру, сондай-ақ түшкіру, жөтелу кезінде респираторлы этикет қағидаларын сақтау керек.

Үшіншіден, иммунитетті жоғарылатуға арналған іс-шараларды ұстану, күндізгі және түнгі ұйқының балансын сақтау, дәрумендерге байытылған дұрыс тамақтану рационын сақтау, стрестік жағдайлардың мейлінше алдын алу, спортпен шұғылдану және барынша позитивті көңіл-күйді сақтауға талпыну керек. Төртіншіден, егер сізде артериалды гипертония, қант диабеті, семіздік, созылмалы жүрек, өкпе ақаулары сынды қосалқы дерттер бар болса, онда сол ауру бойынша емдеуші дәрігер жазып берген негізгі ем жоспарын тоқтатпай, созылмалы ауруыңызды өршітіп алмауларыңыз қажет. Ал егер COVID-19 індетіне шалдығып, ауруханаға жататын болсаңыз, қосалқы аурудан қабылдап жүрген дәрі-дәрмектеріңізді өзіңізбен алып жүргеніңіз жөн. Себебі, COVID-19 індетінің асқынуына қосалқы ауруларыңыз да себеп болып қалуы мүмкін.

Иммунитетті ұмытпау керек

Астана медицина университеті Профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының доценті Роза Сүлейменова коронавирус жұқтырмас үшін иммунитетті қалай нығайтуға болатынын айтып берді.

Індеттің таралуын ушықтырмас үшін профилактикалық шаралар назарда болуы керек. Тұрғындар көбіне дүкен мен дәріханаға барады. Бұл нысандарда кейде кезек болып жатады. Сондықтан арақашықты сақтауға мән берген маңызды болып тұр. Мұнымен қоса, бөлмені күніне кеміне бірнеше рет желдеткен жөн, сондай-ақ ылғалды тазалық шараларын жүргізуге керек.

«Өз бетіңізше емделмей, әуелі емханадағы учаскелік дәрігермен немесе жедел жәрдемге хабарласып, сондағы мамандармен ақылдасуға шақырамын. Басыңыз ауырып, құрғақ жөтел, ентігу пайда болса, дене қызуы көтеріліп, иіс сезуден айырылсаңыз, әлсіздік пен тершеңдік сезінсеңіз, бірден мамандармен кеңесіп, ем алыңыз», - деп түсіндірді Роза Сүлейменова.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, коронавирус тақырыбы өзекті болып тұрған кезде иммунитетті көтеру мәселесіне қоғам ерекше назар аударып отыр. Осы орайда ол қандай тағамдарды жеу керектігін айтты.

«Ең бастысы – иммунитетті әлсіретпей, дұрыс тамақтану керек. Иммунитетті көтеру тақырыбына тоқталсақ, ақуызы көп тағамдарды алу керек. Оларға балық, тауық, ірі қара, соның ішінде жылқы еті жатады. Осылардың сорпасының құрамында ақуыз көп. Сол себепті бұл тағамдарды міндетті түрде ескерген маңызды. Сонымен қатар, түрлі жаңғақты алу керек. Иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан құрасақ, қалған 50-60 пайызын көкөніс пен жеміс-жидек арқылы қамтыған дұрыс болады», - деді маман.

Бұлар табиғи өнім болғандықтан, С витаминінің көзі. Атап айтқанда, сұйықты көп ішкен абзал. Күніне 3-5 литрге дейін су, компот және морс ішуге болады. Бұдан бөлек, адамның көңіл-күйі иммунитетті көтеруге ерекше әсер етеді. Күйзеліске түспеген дұрыс. Егер көңіл-күйіміз жақсы болып, жігерленіп жүрсек, иммунитет те жақсы көтеріледі.

«Сары уайымға салынып жүрсе, иммунитет те әлсірейді. Сондықтан үнемі жақсылықтан үміт ету керек. Ешқашан байбалам салмай, уайымдамай, барынша сабыр сақтаған жөн. Иммундық жүйе осыған тікелей байланысты», - деді Роза Сүлейменова.

Үрей мен уайымға салынбау керек

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирус инфекциясымен ауырып, жазылғандарға пайдалы кеңесін айтты.

«Дұрыс тамақтану керек. Адам ағзасына ақуыз, майлар және көмірсу қажет. Көкөніс пен жеміс-жидекке көбірек мән беріңіз. Тәттілерден де бас тартпаңыз (тек белгілі бір көлемде) – олар көңіл-күйіңізді жақсартады. Таза ауада күн сайын серуендеуге де мән беру керек. Коронавирус инфекциясынан соң және ағзаның ұзақ уақыт әлсіреуінен кейін сізге өте қажет күш қуат береді», - деді Ж. Ембердиева.

Бұл тұрғыда ол ол күн сайынғы тыныс алу гимнастикасына тоқталды. Дем алуды – дем шығаруды бақылау арқылы қарапайым жаттығу жасау керек. Аурудан кейін ағза әлі де күшеймегендіктен, жаттығуды шамадан тыс көп жасамаңыз, жүктемелерді біртіндеп арттырғаныңыз дұрыс. Тыныс алу гимнастикасы өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді және оны оттегімен қанықтырады.

«7-8 сағаттан кем болмайтын толыққанды ұйқы керек. Ұйықтар алдында бөлмені міндетті түрде желдету керек және 2 – 3 сағат бұрын тамақтанған дұрыс. Бұл тез қалыпқа келуіңізге көмектеседі. Стреске және үрейге, уайымға салынбау керек. Қазір барлығымыз – ауырғандар да, ауырмағандар да стресс жағдайындамыз. Аталған инфекцияның ерекшелігі - ол гипоксия, оттегінің жетіспеуі. Бұл қорқыныштың және депрессияның алғышарты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда психологтен кеңес алуыңызға болады. Ол сізге алаңдамауға және сенімді болуға кеңес береді. Әлде жақын адамдарыңызбен қарым-қатынасты күшейтіңіз, табиғат аясына шығыңыз, яғни жақсы көңіл-күй тезірек қалыпқа келуге көмектеседі», - деді маман.


Соңғы жаңалықтар