Коронавируспен күрес: Дәрі-дәрмекті тегін тарату мен емханалардың дайындық деңгейі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде жоғарғы тыныс жолдарының жедел респираторлық вирустық ауруларының көбеюі байқалады. Ал коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиялық жағдай нашарлауы мүмкін. Бұл тұрғыда елімізде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы осы бағытта атқарылып жатқан сауалдарға жауап берді.

Вице-министр Ажар Ғинияттың айтуынша, биылғы соңғы екі айда (тамыз-қыркүйек) ЖРВИ-мен тіркелгендер саны өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмендеді. Осы инфекцияларға қарсы күресті ұйымдастыру үшін тиісті шаралар қабылданды. Біріншіден, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар дайындалуда. Бүгінде бүкіл ел бойынша 1 955 мекеме, соның ішінде 577 емхана жұмыс істейді, олар 12,3 мың учаскеге қызмет көрсетеді.

Емханаларда медициналық қызметкерлер мен пациенттердің санитарлық-гигиеналық талапты орындауы үшін жағдай жасалып жатыр.

«Амбулаториялық-емханалық науқастарда тыныс алу жетіспеушілігін ерте анықтау үшін емханаларға 25,5 мың импульс оксиметр беріледі, 3640 мобильді топ қауіп тобына қызмет етуді жалғастырады, 550 жедел жәрдем тобы халықтың 4 санатына қызмет көрсетуде. Жоспарланған науқастарды қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады, сонымен қатар Call-орталығы, консультативті орталықтары кеңес беруде. Барлық емханалар жұмыс істейді және індет ушықан кезде әдеттегідей жұмысын жалғастырады», - деді А. Ғиният.

Айта кетейік, тұмаудың алдын алу үшін емхана деңгейінде асқыну қаупі жоғары адамдарға вакцинация жасалады. 2,2 миллионнан астам доза вакцина сатып алынды. Қазірге уақытта мемлекет бойынша 1 миллионға жуық адамға жоспарлы екпе жасау жүргізілуде. Мысалы, 220 мың жүкті әйелдің 49 мыңға жуығы немесе 22 пайызы вакцинациядан өткен, кем дегенде 40 пайызын вакцинациялау жоспарланған.

«Жедел респираторлық вирус инфекциясы, тұмаудың және коронавирус инфекциясының ауыр түрлерінің дамуын болдырмау үшін амбулаториялық деңгейде барлық емханаларда дәрі-дәрмек тегін беріледі. КВИ инфекциясына 5 дәрі тегін беріледі және олар емханаларда бар. Одан басқа, тізім бойынша ЖРВИ-ға қарсы ем алу үшін 5 дәрі-дәрмек те тегін беріледі (антибиотик, қызуды басатын дәрілер)», - деп нақтылады ол.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, науқастардың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауысуының негізгі себебі – ол қатар жүретін аурулар мен созылмалы аурулардың асқынуы, медициналық көмекке кеш жүгінуі және өзін-өзі емдеуге байланысты.

«Қазіргі уақытта медициналық мекемелердің жұмысы және жоспарлы стационарлық көмек толық қалпына келтірілді. Жедел жәрдем деңгейінде қазіргі кезде 1 400 бригада жұмылдырылған, оның үштен бір бөлігінен астамы ауылда (498). Күніне орта есеппен 17 мың шақыру түседі, оның 3,6 пайызы жоғарғы тыныс жолдарының вирустық инфекция белгілерімен. Ковидке күдікпен жедел жәрдем шақыруларының азаюы байқалады. Мысалы, шілдеде күніне орташа есеппен 3 мың, тамызда 1 мың, қыркүйекте 500 қоңырау шалынды», - деп нақтылады Ажар Ғиният.

Кезекші сыныптарда коронавирус анықталды

«Қазіргі кезде кезекші сыныптар арасында 36 оқиға тіркелді. Осы балалармен байланыста болған 575 оқушы анықталды, олардың арасында да 10 балада анализ оң нәтиже берді. Ауру көбіне балалар арасында симптомсыз немесе жеңіл түрімен өтіп жатыр. Бұл балалардың ішінде бесеуі стационарлық көмекке жүгінді. Оның үшеуінің жағдайы орташа дәрежеде екені анықталды», - деді А. Ғиният.

Сонымен қатар вице-министр қашықтан оқып жатқан балаларға тоқталды. Қашықтан оқып жүрген оқушылар арасында 73 жағдай тіркеліп отыр. Байланыста болған 242 адам анықталып, олардың ішінде 15 жағдай бойынша анализде оң нәтиже анықталды. Барлық балалардың денсаулығы қатаң бақылауда. Осы оқушылар арасында ауыр жағдай тіркелмеді.

Денсаулық сақтау вице-министрі балаларды қашықтан оқытуға көшіру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

«Бастауыш сыныптар мектепке (кезекші сыныптарға) ата-аналардың өтінішімен барған болатын. Қазір балалар мектептерде санитария талаптарына сәйкес оқып жатыр. Ауамен таралатын инфекция болғандықтан (коронавирус), балалар арасында осы індет байқалуда. Егер сынып ішінде бір бала ауырған болса, тұтас сынып карантинге жабылады. Қазір бірінші тоқсанның аяқталуына бір ай уақыт қалғандықтан, балалардың бірінші тоқсанды бітіруін күтіп отырмыз. Содан кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты тиісті шешім қабылданады», - деді Ажар Ғиният.

Айта кетейік, Қазақстанда 41 бала Кавасакиге ұқсас синдромға шалдықты. Белгілі болғандай, Алматы мен Нұр-Сұлтанда мультижүйелі қабыну синдромынан екі бала көз жұмды.

«Қайтыс болған балаларға тоқталсақ, оның бірі 15 жаста еді. Ол жүйелі қызыл жегімен ауырды. Бұл ауру ағзаны жүйелі түрде зақымдайды. Баланың қанында коронавирус антиденелері анықталды. Екінші бала 2,5 жаста болды. Ол тромбозбен ауруханға түсті. Сәбидің қан анализінде коронавирус инфекциясы тіркелді», - деді А. Ғиният.

Кавасаки тәрізді синдромға шалдығудың бірінші жағдайы 29 шілдеде тіркелген.


Елде дүрбелең жоқ

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирус инфекциясына қатысты жағдай жақсарғанын айтты.

«Министрліктің іс-қимылы тікелей жағдайды жақсартуға бағытталған. Осы орайда ахуалдың жақсарғанын байқайсыздар. Тұрғындар арасында дүрбелең жоқ екенін көріп отырмыз, дәріханаларда дәрі-дәрмек жеткілікті, сондай-ақ ауруханаларда қосымша орындар жасақталды. Яғни, қажетті шаралар қабылданды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Баспасөз мәслихатында Ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін карантинді жеңілдету немесе қатаңдату мүмкіндігі туралы сұралды.

«Осы кезеңде жеңілдету шаралары болмайды. Бүгін айтылғандай, әуе сапары мен шекарадан өтуге қатысты жекелеген шаралар ескеріледі», - деді А. Цой.

Сонымен қатар министр қауіпсіздік талаптары сақталмаса, алдағы уақытта қатаң карантиндік шаралар енгізілуі мүмкін екенін ескертті.

«Әрине, бұған дейін болған карантиннен сабақ алуымыз керек. Осы орайда, денсаулық сақтау жүйесін тиісті дайындықтан өткіздік, яғни ауруханадағы орындар мен дәрі-дәрмек, жабдықтар және басқа да қажетті заттар толықтырылды. Ең мыңыздысы – ол әр адам қауіпсіздік ережесі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек», - деп тоқталды ведомство басшысы.

Бұл ретте А.Цой тұрғындар қоғамдық орындарда тиісті қауіпсіздік талаптарын орындамай жатқанын атап өтті.

«Құқық қорғау органдары біздің аумақтық департаменттерімізбен бірлесе осы бағытта қажетті шараларды қабылдауда. Өкінішке қарай, айыппұлдар да салынуда. Ай сайын айыппұл саны артып келеді. Бұл, өз кезегінде бізде режимнің орындалмай тұрғанын байқатады. Еліміздегі жағдай тұрақты. Дегенмен, тиісті талаптарды орындамасақ, карантин енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, індетке тосқауыл қою өзімізге байланысты. Сондықтан барлығын орындасақ, каратин енгізілмеуі ықтимал. Алайда, ереже сақталмаса, онда карантиндік шараларды енгізуге кеңес беруге мәжбүр боламыз», - деді Денсаулық сақтау министрі.


Соңғы жаңалықтар