Коронавируспен ауырғаннан кейін барлық пациент оңалтудан өтуі керек – қарағандылық дәрігер

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Коронавирусқа шалдыққандар ауруды қалай өткеруде? Вирустан кейін қалыпқа келу үшін қанша уақыт және қандай оңалту шаралары қажет? Қарағанды қаласы №5 емханасының бөлім меңгерушісі Владмир Огай ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

- Владимир Романович, коронавирус белгілері бар пациенттердің саны артты ма?

- Иә, коронавирус белгілері бар пациенттердің ағымы шынымен де артты. Егер бұрын құрамында дәрігер, медбике және жүргізуші бар бір мобильді бригадаға 8-12 қоңырау келсе, қазіргі уақытта мобильді бригадалар санының 3-тен 6-ға дейін ұлғаюына қарамастан, бір мобильді бригадаға пациенттер саны 15-17 қоңырауға дейін өсті.

- Дертті қалай анықтайсыздар және күдік туындаған кезде қандай әрекет алгоритмдерін қолданасыздар?

- Коронавирустық инфекцияға күдік болған жағдайда, КВИ ПТР-ға нафарингиалды сүртінді алу жүргізіледі, егер ауырлық дәрежесі жеңіл болса, бастапқы емдеу тағайындалады және пациент үйде амбулаториялық бақылауда болады. Егер жағдай орташа немесе ауыр науқас ретінде бағаланса, одан әрі стационарлық емдеу үшін белгіленген бағытқа сәйкес стационарға жіберіледі.

- Пандемия басталған кезде вирус негізінен қарт адамдарға әсер етеді деп айтылды. Бірақ біз жастардың жиі ауырып жатқанын көреміз. Бұл немен байланысты?

- Пандемия басталғанда, шынымен де, жұқтыру деректері пациенттердің көпшілігі егде жастағы адамдарға тиесілі болды, олар бұл инфекцияны неғұрлым ауыр түрде жұқтырды. Ал жас пациенттер инфекцияны асимптоматикалық немесе жұмсақ түрде өткерді. Қазіргі уақытта барлық жастағы науқастар осы инфекциямен ауырады. Біз бұл аурудың өсу тенденциясын байқаймыз. Мүмкін, бұл вирустың мутациясына байланысты, бұл коронавирустық инфекцияның жаңа штамдары табылғандығымен расталады.

- Ковидтен кейін емделушілерге қандай ем шаралары және қандай оңалту емі жүргізіледі?

- Постковидтік пациенттерге алғашқы медико-санитарлық көмек деңгейінде де оңалту рәсімдері жүргізіледі және оңалту стационарларына жіберіледі. Оңалту шаралары осы инфекцияны орташа ауыр немесе ауыр түрде жұқтырған әрбір науқасқа қажет. Қалпына келтіру шаралары мыналарға бағытталуы тиіс: өкпенің өмірлік сыйымдылығын қалпына келтіру, бронхопульмональды жүйеден қақырықты шығару (бар болса), сатурацияны қалпына келтіру (қанды оттегімен қанықтыру), гипоксия салдарын жою, дене жүктемелеріне төзімділікті арттыру, бұлшықет күшін және күнделікті қозғалыс белсенділігін қалпына келтіру, ұйқы мен психоэмоционалды жағдайды тұрақтандыру.

- Аурудан толық айығу үшін қанша уақыт қажет? Бұл зақымдану дәрежесіне байланысты ма?

- Қалпына келтіру мерзімі әр жағдайда әр түрлі болады, бірақ орташа есеппен екі аптадан бірнеше айға дейін. Медицина әлі нақты болжамдар жасай алмайды және дененің қалпына келуі мүмкін нақты күндерді белгілей алмайды, өйткені бұл мәселе толық зерттелмеген.

- Сіз пациенттерге вирус жұқтырудан сақтану үшін қандай кеңес бересіз?

- Біріншісі – вакцинация. Әрине, басқа қорғаныс шараларын ұмытпаңыздар. Үйден шыққан кезде бетперде киіңіз, қоғамдық орындарға бармауға тырысыңыз. Қолыңызды алкоголь бар өніммен үнемі зарарсыздандырыңыз немесе сабынмен жуыңыз. Мүмкіндігінше көзіңізді, мұрныңызды және аузыңызды ұстамаңыз. Жөтелгенде немесе түшкіргенде аузыңызды немесе мұрныңызды шынтақ буынымен немесе майлықпен жабыңыз. Беттерді, әсіресе есік тұтқалары, экрандар және телефон дисплейлерін үнемі зарарсыздандырыңыз.

Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар