Коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелдер нені білуі қажет – дәрігер кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелдердің денсаулығына қатысты қоғамда сан түрлі пікір бар. Сондықтан ҚазАқпарат тілшісі сала маманымен сұхбаттасып, көпті алаңдатқан сұрақтарға жауап іздеп көрген еді. Гинеколог-репродуктолог дәрігер Аяулым Қосетова індет ілмегіне іліккен жүкті әйелдердің денсаулығындағы өзгерістер мен инфекцияның алдын алу үшін жасалуы тиіс шаралар туралы айтып берді.

-Аяулым Берікболқызы. Коронавируспен ауырған аяғы ауыр әйелдерде қан кету оқиғалары орын алады деген деректер бар. Бұл инфекцияның әсерінен болуы мүмкін бе?

- Қан кетудің себептері көп. Мәселен, ол жүктілік кезіндегі қауіптен (угроза) болуы мүмкін. Сондықтан дәл осы инфекция салдарынан қан кету оқиғалары жиі орын алады деген дәлел жоқ. Коронавирус болмаса да мұндай жағдайлар біздің тәжірибемізде жиі кездеседі. Әйелдерден жүктілікті жоспарлау барысында, бала көтерген кезде және жүктіліктің алғашқы кезеңінде үш рет коронавирус инфекциясына сынама алынады. ПТР тестте 3 мәрте теріс нәтиже көрсетіп, кейін қан кетсе, ол коронавирустан емес дегенді білдіреді.


- Коронавирус жұқтырған әйелдер табиғи жолмен босануы мүмкін бе немесе оларға кесір тілігі жасала ма?

-Табиғи жолмен босануы мүмкін. Кесір тілігі мерзімінен бұрын келген толғақ кезінде немесе қан кету болған жағдайда жасалады. Сондай-ақ пневмония болып, жағдайы нашарлап, табиғи жолмен босануға мүмкіндігі болмаған әйелдерге де кесір тілігін жасаймыз. Инфекцияның ауыр түріне шалдыққан жүкті әйелдердің бұл уақытта күш-қуаты болмайды. Індеттің симптомдары қазір баршамызға белгілі. Оны қарапайым, дені сау адамдардың өзі ауыр өткереді. Ал егер коронавирустың жеңіл түріне шалдықан әйелдер болса, онда оларды емдеп, кейін табиғи жолмен босандырады.


- Коронавирус жұқтырған аяғы ауыр әйелдер қандай да бір дәрі-дәрмек қабылдай ала ма? Дәрі қабылдаған жағдайда оның бала денсаулығына тигізетін зияны қандай?

- Жүктілік кезінде көбіне фолий қышқылы қолданылады. Ол барлық дерттің алдын алуға арналған дәрумен. Ал коронавирусқа шалдыққан аяғы ауыр әйелдерді терапевт дәрігер тексереді және науқастың жағдайына байланысты дәрі, ем береді. Осы уақытқа дейін инфекция жұқтырып, босанған әйелдердің балаларында жүрек немесе басқа да ақау болғаны туралы деректер кездеспейді.


- Егер жүктіліктің алғашқы кезеңінде әйел инфекция жұқтырса жүктілікті тоқтату қажет пе?

-Жүктілікті тоқтату қажет деген нұсқау жоқ. Дегенмен мамандар әйелдің денсаулығын толық тексеріп, жүктілікті жалғастыру немесе тоқтату туралы кеңес береді. Тексеріс барысында жатырдағы баланың жүрек соғысы қалыпты болса, денсаулығына зақым келмесе, онда жүктілікті жалғастыруға болады. Сонымен қатар перзент сүюге зар болып жүрген адамдарға түсік жасату туралы бастама ұсыну орынсыз деп ойлаймын. Егер әйел коронавирустың ауыр түрімен науқастанып қалса, онда жергілікті аурухананың жауапты дәрігерлері жүктілікті үзуге тура келеді деп ескертеді. Екі өкпесі бірдей қабынған науқас жүктілігін ерте кезеңінде тоқтатқан жөн. Бұл жағдайда ананы аман алып қалу маңызды. Дегенмен жүктілікті тоқтату сирек кездеседі. Өйкені бүгінде әрбір 6-шы отбасы бедеулік дертіне шалдыққан. Сондықтан көбіне ана мен баланы қатар сақтап қалуға тырысамыз.


- Коронавирус инфекциясынан жатыр зақымдала ма?

- Індеттен әйелдердің жатыры зақым алады деп айта алмаймын. Себебі бізде коронавирустан емделіп келіп, бала көтеріп жатқан адамдар бар. Мәселен, сәуір-наурыз айларында ауырған әйелдер сәби сүйіп жатыр. Біздің тәжірибемізде инфекция салдарынан жатырында сұйықтық жиналады, қабыну болады деген жағдайлар кездеспеді.


- Дәрігерлер қауымы пандемия аяқталған уақытқа дейін әйелдерге жүктілікті жоспарламау қажет деп кеңес беріп жүр. Бұл нұсқау қаншалықты орынды?

- Аталған бастама орынды. Себебі кейбір кезде ананы да, баланы да аман алып қалу қиын болып жатады. Оған індет қосылса, ауырға соғады. Осындай жағдайларға байланысты ана өлімі фактілері де тіркелді. Сондықтан коронавирус өршіген тұста жүктілікті жоспарлауды кейінге қалдыруға болады. Дегенмен бұл ұсыныс тек жас аналарға арналған. Егер 40-тан асқан келіншек болса, онда оған жүктілікті кейінге қалдыр деп айту қиын. Оған қоса, пандемияның қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан жасы үлкен әйелдер сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, бала көтергені орынды деп есептеймін.

- Бұл індет жүктіліктің қай кезеңінде аса қауіпті?

- Аяғы ауыр әйелдер үшін алғашы 12-14 апта аралығы аса қауіпті. Бұл уақытта коронавирус емес, қарапайым ЖРВИ жұқтырып алса да баланың дамуына зиян. Өйткені осы уақыт ішінде нәрестенің жүйке жүйесі қалыптасып, сүйектері қатая бастайды. Сондықтан даму процесінде ана қандай да бір инфекция жұқтырса, онда баланың денсаулығында дерт пайда болуы мүмкін.


- Індеттің алдын алу үшін жүкті әйелдерге қандай тағамдар және дәрумендер ішкен жөн?

- Жүкті әйелдер күніне 4-5 рет калориясы көп тағамдарды жегені аса пайдалы. Сондай-ақ жүктілікті жоспарламай тұрып, 3 ай бұрын және жүктіліктің 12 аптасына дейін фолий қышқылын ішуі қажет. Бұл дәрумен баланың жүйке жүйесінің дұрыс дамуына зор ықпал етеді. Күніне кем дегенде 2 литр су ішу керек. Уақтылы ұйқының да пайдасы көп. Ұйқы аз болса, иммунитет төмендейді. Сонымен қатар, карантин талаптарын қатаң сақтаған жөн. Үнемі бетперде тағып, қолымызды антисептикпен залалсыздандырып, ашық аспан астында көп жүру керек. Әсіресе, аяғы ауыр әйелдер жабық ғимараттарға көп бармағаны дұрыс. Өйткені ғимарат ішіндегі ауа үнемі желдетпегеннен кейін лас болады.

- Аяулым Берікболқызы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар