Коронавирусқа ПТР сынағын қалай тегін тапсыруға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов ПТР сынағын тегін тапсыру жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кез келген азаматы коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым деп күдіктенсе, 103 телефонына хабарласа алады. Немесе өзі тіркелген емханаға барып, өз дәрігеріне қауіп туралы айтса, оның ПТР сынағын тегін тапсыру мүмкіндігі бар», - деп жауап берді Б. Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2 млн 600 мың ПТР тестілеу жүргізілген. Оның әр 26-шысы коронавирус инфекциясы бар деген нәтиже көрсеткен.

«Қазіргі уақытта республика бойынша күніне 40 мың тестілеу жасау мүмкіндігі бар. Жыл соңына дейін оның саны 64 мыңға дейін артады», - деді ресми өкіл.

Айта кетейік, 11 қыркүйектегі мәлімет бойынша елімізде COVID-19-ға шалдыққандардың жалпы саны 106 661-ге жетті. Оның ішінде жазылып шығу көрсеткіші 94,1 пайызды құрады немесе 100 409 адамға жетті.

Соңғы бір тәулікте Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ.

Қазақстанда коронавирустың жаңа толқынына дайындық қызу жүріп жатыр.

Сондай-ақ Б.Қожахметов демалыс күндергі карантиндік шектеулер қандай жағдайда алынатынын түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар