Коронавирусқа қатысты әлемдегі ахуал

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өз Telegram-каналында індетке қатысты әлемдегі ахуал туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Швейцария карантин талаптарын жеңілдетті. Елде мейрамханалардың ішкі жайлары ашылып, аудиториялардағы студенттер саны бойынша шектеулер алынып тасталды. Сондай-ақ, шектеулер енгізілген салалар үшін қашықтан жұмыс режимі жойылды. Алайда Берн билігі жұмыс берушілерге қызметкерлердің үйден жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынады. COVID-19-ға қарсы вакцинаны алған ел тұрғындары эпидемиологиялық қауіп деңгейі жоғары елдерден оралғаннан кейін оқшаулануға міндетті болмайды.

Қытайдың оңтүстігінде коронавирус инфекциясын ел ішінде жұқтыру жағдайлары артты. Гуандун провинциясында өткен тәулікте инфекцияға 20 адам шалдыққан. Оқиғалардың 18-і Гуанчжоу әкімшілік орталығында анықталған. Сонымен қатар, провинцияда коронавирус инфекциясының асимптоматикалық ағымының үш жағдайы тіркелді.

Германияда КВИ таралу деңгейі төмендеп келеді. Инфекцияны жұқтырғандар көрсеткішінің күнделікті өсімі 1 978 жағдайды құрады. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткішке қарағанда 704 жағдайға кем. Пандемия басталғаннан бері халқының саны 84 миллионды құрайтын Германияда коронавирустың 3 681 126 оқиғасы анықталды. Індеттен 88 442 адам көз жұмды. Соңғы 7 күнде 100 000 тұрғынға шаққанда инфекцияны жұқтырудың 35,1 жағдайы тіркелді.

Сондай-ақ Германияда пандемия басталғаннан бері коронавирусты жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген ауыл анықталды. Ол елдің батысындағы Рейнланд-Пфальц жерінде орналасқан 400 тұрғыны бар Лиг ауылы. Онда 14 ай бойы коронавирус індеті тіркелмеген.

Бакуде метро қайта жұмыс істей бастады. Әзербайжан билігі бүгіннен бастап астанадағы метрополитеннің жұмысын қайта жандандырды. Баку метросы жолаушыларды 2020 жылдың қазанынан бері қабылдаған жоқ. Карантиндік шаралардың әлсіреуіне қарамастан, метро басқа да қоғамдық көліктер сияқты демалыс күндері жұмыс істемейді. Ал, 10 маусымнан бастап елде мешіттер мен храмдар келушілер үшін есігін ашады.

Ресми Каир карантин талаптарын жеңілдетеді. Мысыр билігі дәмханалар, мейрамханалар, дүкендер мен сауда орталықтарының жұмысына қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Ертеңнен бастап тамақтану орындары мен дүкендер жазғы жұмыс режиміне оралып, түнгі сағат 00:00 дейін жұмыс істей алады. Мысырлық үкімет шектеулерді жеңілдетумен қатар, Хургада мен Шарм-эш Шейх сияқты туристер арасында ең танымал екі курорттың барлық тұрғындарын вакциналауға ниетті екендігін хабарлады.

Оңтүстік Кореяда халықтың 10,5% Сovid-19-ға қарсы егілді. Өткен тәулікте ғана елде 163 457 адам вакциналанды. 30 мамыр сағат 00:00-дегі жағдайға сәйкес, елде 5 399 015 адам екпенің алғашқы дозасын алған. Егілу деңгейі 10,5% құрады.

Жапония билігі коронавирус инфекциясына тапсырылған ПТР-тест анықтамасы болған жағдайда жанкүйерлерді Токиода өтетін Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына кіргізуге ниетті. Екпе салдырған азаматтар да тиісті құжатты ұсынуы шарт.

ПТР-зерттеу стадионға келгенге дейін жеті күн бұрын жасалуы керек.

Стадионға кірер алдында мамандар көрермендердің температурасын тексеріп, бетперденің болуын қадағалайды.

Ал Олимпиададағы жанкүйерлердің санын шектеуге қатысты мәселе маусым айында шешілетін болады.


Соңғы жаңалықтар