Коронавирусқа қарсы вакцинация: Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі жанындағы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия коронавирусқа қарсы вакцинация туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Қазақстанда вакцинация міндетті әрі мәжбүрлі ме?

Жауап: Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.


- Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?
Жауап:
2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.


- Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?
Жауап:
Вакцинациялау препараттың келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте вакцин алауға коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары жатады. Одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.
Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мамандары егіледі.

Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады.

Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.
Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.


- Вакцинация ақылы бола ма?
Жауап:
халықтың осал топтары үшін коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі.


- Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?
Жауап:
Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу, сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.


- Коронавирус вакцинасына аллергиялық реакция болуы мүмкін бе?
Жауап:
Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.


- Ресейде вакцина алған адамдарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, зерттеп-қарау жүргізіледі. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?
Жауап:
Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Ордан әрі 3 күн бойы, тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері бар жадынама беріледі.


- Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?
Жауап:
«Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Сәйкесінше оны тек Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан осы вакцина бойынша контингент анықталуда.


- Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?
Жауап:
Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак (Ресей ғалымдары әзірлеген вакцина - ред.) вакцинасы тек Қазақстан Республикасында қолдану үшін пайдаланылатын болады.


- Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?
Жауап:
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.


- Ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?
Жауап:
Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген. Ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі болуы қажет (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты). Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.


- Ресейден басқа тағы қандай вакцина өндірушілері елдермен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде?
Жауап:
Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) қоса алғанда, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндіруші бірқатар мемлекетпен келіссөз жүргізуде.


- Біздің елімізде қандай вакциналар әзірленуде?
Жауап:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирусқа қарсы вакциналар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер вакцинасы бар. Біріншісі – клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі - БҚП ҒЗИ) әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі:
1) Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо штатының университетімен бірлесіп (АҚШ) әзірлеген вакцина;
2) Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
3) М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы;
4) БҚП ҒЗИ әзірлеп жатқан және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина.


- Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз не?
Жауап:
Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз – бұл вакцинаның медициналық тарихы. Бұл, вакцина қабылдайтын халықты бақылау, мониторингілеу және үздіксіз қарау үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдылық). Қазіргі уақытта Вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін - eGov Mobile мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы іске асырылатын болады.
Вакцинацияның электрондық паспорты вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспорты азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, егудің кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат қамтылады.


- Интернетте халықты вакцинация арқылы жаппай чиптеу туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақылға қонымды?
Жауап:
Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.


- Неліктен коронавирус инфекциясына қарсы вакцина тез әзірленді?
Жауап:
Пандемия кезеңінде осы вакцинаға аса қажеттілік туындады. COVID-19 вакцинасын әзірлеу бүкіл әлемде коронавирусты жаппай жұқтыру және адамның жаппай өлімі орын алғандықтан, аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңдейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам әзірленуі компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өтті деген сөз емес.
Н.Ф. Гамалея атындағы ЭжМҒЗО-ның «Спутник V» вакцинасына келетін болсақ, ол алдыңғы әзірлемелерге сүйене отырып жасалды. Орталық пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы да жатқызылған РНҚ бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.


- Вакцинациядан бұрын антиденелердің болуы туралы анықтама қажет пе? COVID-пен ауырып, сауыққандар вакцина қабылдауы қажет пе?
Жауап:
Қолдану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес вакцинацияға дайындық кезінде антиденелердің болуы туралы анықтама қажет етілмейді. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, ауырып сауыққаннан кейін вакцинация 6 айдан ерте жүргізілмеуі қажет.


- Бүгінгі таңда әлемде көшбасшылар мен танымал тұлғалардың қайсысы коронавирусқа қарсы екпе алды?
Жауап:
АҚШ-та вакцинаны жаңадан сайланған президент Джо Байден алды – ол 78 жаста және тәуекел тобына жатады. Байденге Pfizer және BioNTech вакцинасы егілді.
Гвинея Президенті Альфа Конде «Спутник V» вакцинасымен егілген елдің алғашқы көшбасшысы. Сондай-ақ, елімізде жоғары лауазымды 19 тұлға, оның ішінде Қорғаныс министрі егілді.
Аргентина президенті Альберто Фернандес Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жасады. Президентке дейін Буэнос-Айрестің Денсаулық сақтау министрі Даниэль Голлан вакцинацияланды.
Венесуэла президентінің ұлы Николас Мадуро Герра Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасымен коронавирусқа қарсы егілді.
Түркия президенті Режеп Ердоған СoronaVac қытай препаратымен коронавирус инфекциясына қарсы егілді. Алғашқы егуді Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Фахреттин кожа жасатты.
Ватиканда 84 жастағы Рим Папасы Франциск пен 93 жастағы Рим Папасы Бенедикт XVI Pfizer вакцинасымен егілді.
Актер және Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер Pfizer және BioNTech вакцинасымен коронавирусқа қарсы егілді. Америкалық деректі кинорежиссер Оливер Стоун Ресейде өндірілген «Спутник V» коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жасатты.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алды. Сондай-ақ, еріктілердің қатарында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев вакцина алды.


Соңғы жаңалықтар