Коронавирусқа қарсы вакцина адамды қанша уақытқа дейін қорғай алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев онлайн брифинг барысында коронавируске қарсы вакцинаның қорғаныш күші қанша уақытқа жететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның пайда болғанына көп уақыт болған жоқ, сондықтан оның қорғаныш күші қанша уақытқа жететінін ешкім нақты айта алмайды. Ең бастысы вакцинаның қорғаныш күші бар.

«Қазір бізде салынып жатқан екпелердің қорғаныш күші бар, ол толық анықталған. Алайда екпе салған соң түзілетін антидене қанша уақытқа жететіні белгісіз. Қорғаныс иммунитеті бір немесе екі жылға жетеді деп ешкім нақты айта алмайды. Вакцина өндірушілердің өзі шамалап қана айтады. «Спутник V» вакцинасы 2021 жылдың басында ғана шықты. Сондықтан қазір вакцина қанша уақытқа дейін қорғайтынын ешкім айта алмайды. Ол уақыт өте келе белгілі болады. Бастысы оның қорғаныш күші бар»,- деді Сәкен Әміреев.

Сонымен қатар, ол коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы екпе екенін айтты.

«Қазір күнде осы вирустан көз жұмып жатқандар бар. Бұл індеттің алдын алу үшін вакцина салған дұрыс. Ғалымдар алдағы уақытта бір рет салған соң өмір бойына сақтайтын вакцина жасап шығарады деген ойдамын, бұл әзірге тек арман болып отыр»,-деді профессор.


Соңғы жаңалықтар