Коронавирусқа қарсы субуниттік вакцина мемлекеттік сараптамадан өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцинаның бес түрін әзірлеп жатыр. Институттың бас директоры Күнсұлу Закария QazVac-тан өзге төрт вакцинаның қазір қандай сатыға шыққанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғалымдар бір уақытта бес түрлі платформада бес түрлі вакцина әзірлеп жатыр. QazCOVID-in немесе QazVac туралы бәрін білесіздер деп ойлаймын. Екіншісі – субуниттік вакцина. Бүгінгі таңда ол биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтының базасында жануарларға егіліп, клиникаға дейінгі кезеңнен толық өтті. Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында мемлекеттік сараптамадан да сәтті өтті. Олар да оң қорытындысын берді. Енді аталған суббірлікті вакцина клиникалық зерттеудің бірінші кезеңіне шығады», - деді Күнсұлу Закария.

Институттың бас директоры өзге вакциналар туралы да айтты.

«Бізде бір мезгілде екі векторлық вакцина әзірленуде. Біреуі тұмау векторы негізінде, екіншісі вирустың каприпокс векторында жасалды. Қазір бұл екі вакцина жануарларға егіліп, клиникаға дейінгі сынақтардан өтіп жатыр. Вакцинаның бесінші түрі – «тірі» вакцина. Біз әлемде бірінші болып әлсіретілген вакцинаны алуға тырысамыз. Жүзден астам сынаманың ішінен іріктеп алдық. Жуық арада оны да жануарларға егіп, клиникаға дейінгі зерттеуге шығарамыз», - деді Күнсұлу Закария.

Ғалымның айтуынша, әзірленіп жатқан төрт вакцинаны сақтау технологиясы QazCOVID-in (QazVac) вакцинасынан өзгеше болады.

Еске салсақ, QazVac 2-ден 8 градусқа дейінгі температурада сақталуы керек.


Соңғы жаңалықтар