Коронавирусқа қарсы қазақстандық суббірлікті вакцина клиникалық зерттеулер сатысына жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық ғалымдар әзірлеп жатқан коронавирусқа қарсы суббірлікті вакцина клиникалық зерттеулер сатысына жетті.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты әртүрлі зерттеу түрлерімен айналысып жатыр.

«Институт вакцинаның басқа да түрлерін әзірлейді. Сондай вакциналардың бірі – суббірлікті (рекомбинантты) вакцина клиникалық зерттеу сатысына жетті. Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген соң, көп ұзамай жұмыс басталады. Біз бірнеше платформаларда жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандық инактивацияланған вакцина, іс жүзінде үшінші фазаның 50%-ы осы белгіге жақындады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мирас Дәуленовтың айтуынша, 19 наурызда биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты британдық және оңтүстікафрикалық КВИ штамдарын алған. ҒЗИ поливалентті вакцина жасау бойынша да жұмыс істеп жатыр.

«Осы бағытта қандай жұмыс атқаратынымыз туралы сұрақтар туындады. Институт поливалентті жаңа вакцинаны жасау үстінде. Яғни, біз осы штамдарды зерттеп жатырмыз және болашақта бұл штамдар біздің вакциналарымызды жетілдіруде қолданылады. Мұндай вакциналар негізінен поливалентті – тұмауға қарсы вакциналар болады. Себебі тұмау үнемі мутацияланып отырады және вакцинаның тиімділігін арттыру үшін үнемі жақсы нәтиже іздеу керек», - деді М. Дәуленов.

Айта кетейік, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бүгінге дейін коронавиурсқа қарсы вакцинаның 5 түрін әзірлеген.


Соңғы жаңалықтар