Коронавирусқа қарсы егілген адамдар ауруға төзімді болады - дәрігер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Гүлжайнат Тілеген тұрғындарды коронавирустың жаңа штамдарынан қорғану үшін вакцинация мен ревакцинациядан өтуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы екпе алған адамдар ауруға анағұрлым төзімді болады.

«Вакцина алған адам өзін қауіп-қатерден қорғайды және ауруды жеңіл түрде қабылдайды. Зерттеулер коронавирус инфекциясынан қорғаныс вакциналардың алғашқы дозаларын алғаннан кейін, әсіресе әртүрлі штамдардың басым болуына байланысты уақыт өте келе төмендей бастайтынын дәлелдеген. Біз бірнеше короновирус толқынын, жаңа штамдарды бастан өткердік. Көріп отырғанымыздай, вирус әрбір толқында әлсіреп, мутацияға ұшырайды. Екпе алған адамдар анағұрлым ауруға төзімді. Иммунитеттің әлсіреуі екпеден соң 6-12 айдан кейін басталады. Вакцинадан кейінгі иммундық реакцияны күшейту үшін ревакцинация қажет», - деп түсіндірді басқарма өкілі.

Сонымен қатар, ол бүгінгі күні қалада 88 вакцинация пункті жұмыс істейтін атап өтті. Онда 315 адамнан тұратын 99 егу бригадасы бар.

«Бүгінгі таңда препараттың бірінші компонентімен 1 241 540, екінші компонентімен 1 207 511 қала тұрғыны егілді. Pfizer (Comirnaty) вакцинасымен 119 065 адам егілді, оның ішінде 4 684 жүкті әйел, 15 896 бала емізетін ана және 55 045 жасөспірім бар», - деді Гүлжайнат Тілеген.


Соңғы жаңалықтар