Коронавирусқа байланысты ЖОО-лар дистанциялық оқуға көшіріле ме
2020 жылғы 4 наурыз 12:53

Коронавирусқа байланысты ЖОО-лар дистанциялық оқуға көшіріле ме

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Короновирус инфекциясына байланысты елордалық ЖОО-лар қашықтан оқытуға көшіріле ме? Бұл сұраққа бүгін қала әкімдігінде өткен брифингте жауап берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын қазіргі жағдайға байланысты әлем бойынша мониторинг жүргізеді және ол туралы үкімет деңгейінде баяндалады. Басқа мемлекеттерден елімізге келіп жатқан адамдардан коронавирус анықталған жағдайда студенттердің оқуына қатысты қандайда бір өзгеріс болуы мүмкін. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұған қатысты ешқандай шешім қабылданған жоқ және ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде, оның ішінде WhatsApp мессенджерінде әлемде коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты жоғары оқу орнының студенттері сабақты қашықтан оқитыны туралы ақпарат тараған болатын.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT